EMBA «СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАСҚАРУ ЖӘНЕ КӨШБАСШЫЛЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ МАГИСТРАНТТАРЫНЫҢ САМАРҚАНД ҚАЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАҒЫЛЫМДАМАСЫ
























Астана халықаралық университеті Экономика жоғары мектебінің EMBA
«Стратегиялық басқару және көшбасшылық» білім беру бағдарламасының
магистранттары Шароф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің
Адами ресурстар институты базасында ұйымдастырылған халықаралық ғылыми
тағылымдаманы сәтті аяқтады. Тағылымдама 2026 жылғы 27 сәуір мен 23 мамыр
аралығында өтіп, бағдарлама магистранттары мен оқытушыларын қоса алғанда 25
қатысушыны біріктірді.
Тағылымдама бағдарламасы цифрлық экономика жағдайындағы стратегиялық
басқару мен заманауи көшбасшылықтың өзекті мәселелеріне арналды. Оқу барысында
қатысушылар стратегиялық ойлау мен басқарушылық шешім қабылдау, стратегиялық
талдау құралдары, көшбасшылықтың заманауи тұжырымдамалары, ұйымдық өзгерістерді
басқару, цифрлық трансформация, этикалық көшбасшылық, корпоративтік мәдениет,
инновациялар және тұрақты даму мәселелерін зерделеді. Тағылымдаманың ерекше
құндылығы Самарқанд мемлекеттік университетінің халықаралық сарапшылары мен
профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен артты. Олар жаһандық өзгерістер
жағдайында стратегиялық басқару, көшбасшылық және ұйымдарды дамыту бойынша
заманауи тәсілдермен бөлісті.
Қатысушылар үшін мазмұнды мәдени-танымдық бағдарлама да ұйымдастырылды.
Магистранттар Самарқанд қаласының әлемге әйгілі тарихи және мәдени нысандарын –
Регистан ансамблін, Гур-Эмир кесенесін, Шахи-Зинда кешенін, Ұлықбек
обсерваториясын, Имам әл-Бұхари кесенесін және басқа да тарихи орындарды аралады.
Бұл олардың кәсіби білімдерін кеңейтіп қана қоймай, Өзбекстанның бай мәдени
мұрасымен жақынырақ танысуына мүмкіндік берді. Тағылымдаманың қорытынды
кезеңінде магистранттар шағын жобаларын қорғап, стратегиялық талдау, көшбасшылық
және өзгерістерді басқару салаларында алған білімдері мен дағдыларын көрсетті. Оқу
нәтижесі бойынша қатысушыларға 120 сағаттық (4 академиялық кредит) халықаралық
тағылымдамадан өткені туралы сертификаттар табысталды.
Магистранттарымызды тағылымдаманы табысты аяқтауымен құттықтаймыз және
бағдарламаны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны, кәсібилігі мен нәтижелі халықаралық
ынтымақтастығы үшін Самарқанд мемлекеттік университетінің басшылығы мен
профессор-оқытушылар құрамына алғысымызды білдіреміз.
Бөлісу:
Фотогалерея










