Астана халықаралық университеті мен Варшава университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастық нығайып келеді

Астана халықаралық университеті мен Варшава университеті Қазақстанның табиғи экожүйелері мен өсімдіктер алуантүрлілігін зерттеу бағытында ынтымақтастық орнатты. Бірлескен жұмыстың негізгі бағытының бірі – «Тарбағатай» ұлттық паркі аумағында Ледебур бадамының (Prunus ledebouriana) таралуын зерттеу.
Зерттеуге Астана халықаралық университетінің «NatureLaB» ғылыми-зерттеу зертханасының, Варшава университеті биология факультетінің және серіктес ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ Тоттори университетінің және Польша, Жапония мен Израильдің ғылыми-зерттеу мекемелерінің мамандары болды.
Екі университеттің бірлескен жұмысы Қазақстанның табиғи флорасы туралы білімді экологиялық модельдеу және деректерді талдау тұрғысынан жетілдіруге мүмкіндік береді. Зерттеушілердің ортақ мақсаты – Ледебур бадамының таралуы туралы толық мәлімет жинап, оның ерекшеліктерін анықтау.
Зерттеу жұмысына ақпарат көзі ретінде 2024 жылы жиналған материалдар мен қашықтан түсірілген деректер қолданылды. Ғалымдар жерүсті бақылауларын, ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы түсірілген кескіндерді және спутниктік суреттерді біріктірді. Сонымен қатар деректерді өңдеу және бұта шоғырларын анықтау үшін арнайы оқыту әдістеріне жүгінді.
Бұл тәсіл жетуге қиын таулы аймақтарды зерттеу үшін өте маңызды. Өйткені мұндай жерлерде толыққанды зерттеу жүргізу қиынға соғады. Әртүрлі дереккөзден алынған ақпаратты біріктіру өсімдіктердің орнын нақтылауға және олардың қоршаған ортамен байланысын зерттеуге жол ашады.
Астана халықаралық университеті мен Варшава университетінің бірлескен зерттеуі – биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы маңызды жұмыс. Ал мұндай іске «NatureLaB» зертханасы мамандарының атсалысуы тәжірибе алмасуға және Қазақстан аумағындағы өсімдіктерді зерттеуге заманауи цифрлық құралдарды қолдануға мүмкіндік берді.
Бөлісу:



