Цифрлық белес: Қазақстан мен Қытай жасанды интеллектіні бірлесе тізгіндемек






Шанхайда технологиялық даму мен цифрлық трансформация мәселелеріне арналған Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы өтті. Ауқымды іс-шараға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинің шақыртуымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
16 шілдеде форум аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Жаслан Хасенұлы Мәдиевтің қатысуымен Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасының жоғары оқу орындары арасындағы маңызды құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Шара барысында екі ел арасындағы ғылым мен білімді дамытуға бағытталған бірқатар келісімдер рәсімделді. Солардың бірі – Астана Халықаралық университеті (AIU) мен Қытайдың Шэньчжэнь университетінің (SZU) арасындағы жаңа келіссөз. Кездесуде екі елдің жетекші жоғары оқу орындары бірлескен түрде жасанды интеллект зертханасын құру және оны стратегиялық тұрғыда дамыту туралы меморандумды бекітті.
Қос мемлекеттің ғылыми әлеуетін біріктіретін бұл ауқымды жоба тікелей университет басшыларының жіті қадағалауымен жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта құрылатын жаңа зертхана жай ғана ғылыми орталық емес, екі елдің академиялық қауымдастығы үшін қуатты технологиялық орталық рөлін атқармақ. Меморандум аясында жасанды интеллект саласындағы ең өзекті және озық бағыттар бойынша ортақ ғылыми-зерттеу жобаларын қолға алу, сондай-ақ қос оқу орны арасында заманауи зерттеу материалдары мен академиялық ақпараттарды тұрақты түрде алмасу көзделіп отыр. Сонымен қатар, бұл серіктестік университеттердің оқытушыларына, жас ғалымдар мен студенттерге екі ел арасында тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Ал жаһандық мәселелерді талқылау мақсатында тұрақты түрде халықаралық семинарлар мен ғылыми кеңестер ұйымдастырылады.
Бұл жоба – екі жоғары оқу орны арасында 2024 жылы басталған ғылыми-техникалық келіссөздің жемісті нәтижесі. Бірлескен жасанды интеллект зертханасының құрылуы келешекте Қазақстанның цифрлық экожүйесін дамытып, отандық ғылымның халықаралық аренадағы беделін арттыратыны сөзсіз.
Бөлісу:
Фотогалерея




