Астанада халықаралық жазғы мектептің жабылу салтанаты өтті


















Бүгін Астана төріндегі «AIU 2026 – Елорда жүрегінде» Халықаралық жазғы мектеп жобасы өз мәресіне жетті. Осыған орай, Астана Халықаралық университетінде мерекелік кеш өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жастар сахна төрінде өздерінің ұлттық киімдері мен дәстүрлерін таныстырды. Бірнеше мәдениетті тоғыстырып, түрлі елдің арасын жалғаған жоба қатысушыларыдән риза. Алғаш рет ұйымдастырылса да, көптің көңілінен шыққан бұл бастама келер жылы да жалғасын табады деп күтілуде.
Шілденің 5-інен бастап Қытай, Германия, Италия, Вьетнам, Ресей, Өзбекстан сияқты 10-нан астам елден келген студенттер Елордамызға ат басын бұрып, қазақтың ұлттық дәстүрімен танысты. Алдын ала жоспарланған 10 күн ішінде олар қазақ тілінің негіздерін үйреніп, қолөнерімізбен айналысқан еді. Осы уақытта білезік соғып, кесте тоқуды меңгерген өрендер тарихымызға түрліше шолу жасап көрді. Тіпті, киіз үйдегі қазақы дәмнен ауыз тиіп, ат үстіндегі ойындарымызға таңдай қағыпты. Қысқа уақыт ішінде асық ату мен тоғызқұмалақты үйреніп үлгерген студенттер өзара сайысқа да түскен көрінеді. Айтуларынша, төл ойындарымыз олардың басын қосып, достықтарының нығаюына септігін тигізіпті. Көшпелілер рухын сезінген шетелдік студенттер Халықаралық жазғы мектепте өткен күндерінің өте ерекше болғанын атап өтті. Италиялық қатысушы Лоренцо Дальмани болашақта бұл жоба әртүрлі елдердің арасын жалғайтын мызғымас көпір болатынына кәміл сенеді: « Мұндай бастамалар біз сияқты әлем жастарының басын қосып, мәдениеттерді бір арнаға тоғыстырады. Италия мен Қазақстанның тілі мен жері және дәстүрі бір-біріне ұқсамайтындықтан, бұл сапарым ерекше есте қалды. Әсіресе, қазақтың ұлттық ойындарындағы ұйымшылдықты көріп, қатты қуандым. Топтық ойындардың қай-қайсын алып қараса да, бәсекеден гөрі татулық пен бірлікке құрылған. Оның үстіне, олардың тек табиғи шикізатқа негізделіп жасалуы еріксіз қызықтырады. Келесі кезекте Қазақстанның өзге өңірлерін зерттеп, мәдениетімен бұдан да жақын танысқым келеді. Көшпелі елдің салт-дәстүрі мен үшін жаңа әлемнің есігін ашқандай әсер қалдырды».
Шетелдік қонақтардың төл құндылықтарымызға бұлай таңдануы жанымызды жадыратып, ерекше қуаныш сезімін сыйлады. Сонымен қатар, мерекелік кешке әр елдің елшілік өкілдері өз отандастарын қолдап келді. Артынша, жоба жайлы жылы пікірлерін жеткізді. Еске салсақ, бұл бастаманы Астана Халықаралық университеті мен Қытайдың Халықаралық бизнес және экономика университеті жанындағы Қазақстан-Қытай экономика және сауда институты бірлесіп ұйымдастырған еді. Сондай-ақ өзге де шетелдік серіктес жоғары оқу орындары тарапынан қолдау көрсетілді. Ұлттар достығын нығайтып, дәстүрімізді әлемге әйгілейтін игі қадамның ғұмыры ұзақ болып, келешекте жалғасын табатынына сеніміміз мол.
Бөлісу:
Фотогалерея








