AIU мен Цзянсу мұхит университеті бірлескен ғылыми-мәдени жобаларды дамытуда


















Астана халықаралық университеті мен Цзянсу мұхит университеті (Jiangsu Ocean University, JOU) арасындағы білім, ғылым және мәдени-гуманитарлық байланыс жүйелі түрде дамып келеді. Екі елдің жоғары оқу орындарының бірлескен жобаларының бірі – Азия – Еуропа жаңа құрлықтық-теңіз көлік дәлізі ғылыми-зерттеу институты. Бұл орталық Астана халықаралық университеті мен Цзянсу мұхит университеті және Цинхуа университеті мен мұндағы «Бір белдеу, бір жол» ғылыми-зерттеу институтының қатысуымен құрылған. Институт Еуразиядағы логистика, көлік, халықаралық сауда және тұрақты даму саласындағы зерттеулер алаңына айналып, екі ел арасындағы академиялық келісім бойынша қызмет атқаруы тиіс.
Академиялық және жастар алмасу бағдарламалары келісімнің ең маңызды бөлігі саналады. Бұған дейін Астана халықаралық университеті бірнеше жыл бойы халықаралық жазғы бағдарламаларға қатысып, Ляньюньган қаласындағы JOU базасында тәжірибеден өтті. Ал 2026 жылы Цзянсу мұхит университетінің делегациясы әлемнің 10-нан астам елінің қатысушыларынан құралған «AIU 2026 – Елорда жүрегінде» Халықаралық жазғы мектебіне қосылды.
Бүгін JOU Шет тілдері институтының партия комитеті хатшысының орынбасары Лу Вэньцянь бастаған делегация Астана халықаралық университеті кітапханасының басшылығымен танысып, қызметкерлерімен кездесті. Достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында Лу Вэньцянь университет кітапханасына « Маймылдар патшасы» кітабының 32 томдық жинағын сыйға тартты. Қытай әдебиетінің озық туындыларының бірі саналатын « Батысқа саяхат» романына арналып жазылған бұл кітаптар тарихи тұрғыдан Ляньюньган қаласымен де тығыз байланысты.
Кітаптарды табыстау рәсімінде Лу Вэньцянь Астанадағы Халықаралық жазғы мектептің жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын да ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа баса назар аударып, Астана халықаралық университетінің оқытушылары мен студенттері көрсеткен қонақжайлыққа тәнті болғанын жеткізді.
Астана халықаралық университеті кітапханасының қызметкерлері де өз кезегінде Қытай делегациясын құр алақан қалдырмады. Кітапхана меңгерушісі Бегимова Гүлнара Рахымтайқызы JOU кітапханасы өкілдеріне қазақ әдебиетінің шоқтығы биік туындысы «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Абайдың «Қара сөздер» жинағын табыстады. Сөйтіп, екі елдің өкілдері университет кітапханалары арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамитынына сенім білдірді.
Қос тарап бір-біріне сыйға тартылған кітаптар екі университеттегі кітапханалардың сөрелерінен лайықты орын алып, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық және гуманитарлық байланыстың нығаюына тілек білдірді.
Бөлісу:
Фотогалерея








