Астанада 10-нан астам елдің жастарына арналған халықаралық жазғы мектеп басталды

































Елордамыз дәстүрлі түрде жаһандық диалог алаңы ретінде мәртебесін дәлелдеді. «AIU 2026 — In the Heart of the Capital» атты халықаралық жазғы мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Екеуара мәдениет диалогын нығайтуға және жастар дипломатиясын дамытуға бағытталған бұл жоба Қазақстан, Қытай, Вьетнам, Ресей, Германия, Италия, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Камбоджа, Непал және басқа да бірқатар мемлекеттердің жоғары оқу орындарының басшыларын, оқытушылары мен студенттерін бір арнаға тоғыстырды. Ауқымды бастаманың ұйымдастырушылары – Астана Халықаралық университеті мен Қытайдың Халықаралық бизнес және экономика университеті жанындағы Қазақстан–Қытай экономика және сауда институты. Сондай-ақ жобаға шетелдік серіктес жоғары оқу орындары белсенді қолдау көрсетті.
Он күнге есептелген жазғы мектептің бағдарламасында білім беру мен мәдени блоктар өзара үйлесімді ұштасқан. Ұйымдастырушылар заманауи трендтерге ерекше мән берген. Бағдарлама аясында жастар жасанды интеллект, цифрлық даму және мәдениетаралық коммуникация бойынша дәрістер тыңдайды.
Сонымен қатар, қатысушылар Қазақстан мәдениетімен тереңірек танысу мүмкіндігіне ие болады. Шетелдік қонақтар қазақ халқының тарихи мұрасымен, ұлттық дәстүрлерімен және тұрмыс-тіршілігімен танысып, елорданың басты мәдени және тарихи нысандарын аралайды. Бағдарламаға командалық шығармашылық жобалар, қазақ тілінің негіздерін үйрену, ұлттық тағамдарынан дәм тату және ұлттық спорт түрлерінен бақ сынау іс-шаралары енгізілген.
Қатысушылар мен сарапшылар мұндай іс-шаралардың маңызды гуманитарлық миссия атқаратынын алға тартады. Шетелдік делегация өкілдерінің айтуынша, жастар арасындағы алмасу – мемлекеттер арасындағы достықтың ең берік іргетасы. Бұл жерде әлемнің түкпір-түкпірінен келген ұл-қыздар тек жаңа білім алып қана қоймай, мәдени кедергілерді еңсеріп, жаңа орта табады.
Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық білім беру және жастар дипломатиясының өңірлік орталығы ретіндегі позициясын қарқынды нығайтып келеді. Еуропа мен Азияның тоғысуы ынтымақтастыққа ашық екенімізді, сондай-ақ Астананы халықтар арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті ту ететін осындай ауқымды жобаларды өткізудің таптырмас алаңына айналдырды.
Бөлісу:
Фотогалерея













