AIU оқытушысы Назарбаев Университетіндегі халықаралық конференцияда баяндама жасады















16–17 қазанда Астана халықаралық университетінің Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі қауымдастырылған профессорының міндетін атқарушы, PhD Гүлзира Тәжіғалиева Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің X халықаралық конференциясына қатысты.
Конференция барысында AIU өкілі «Демография, отбасылық және гендерлік саясат» сессиясында «Formal Coverage and Functional Presence: Measuring Family Policy in Western Kazakhstan» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада отбасылық саясаттың екі өлшемін ажырату ұсынылды. Формалды қамту көмекке мұқтаж отбасылардың қанша бөлігіне қолдау көрсетілгенін айқындайды және бұл көрсеткіш Қазақстанда нақты есепке алынады. Ал функционалдық қолжетімділік мемлекеттік қолдаудың отбасының күнделікті өміріндегі ресурсқа айналуын көрсетеді. Автордың пікірінше, саясаттың тиімділігін бағалайтын қазіргі көрсеткіштердің ешқайсысы бұл өлшемді қамтымайды. Қорытындылар 2022–2024 жылдары Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында жүргізілген далалық зерттеуге негізделген. Зерттеу аясында расталған 289 сауалнама мен 40 тереңдетілген сұхбат талданып, бағдарламалық құжаттар мен аудандық деңгейдегі деректер зерделенді.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақыларды мұқтаждық бойынша тағайындауға көшуге ерекше назар аударылады. Баяндамашы есепке алу мен есепті жетілдіруге бағытталған төрт ұсынысты таныстырды. Оның үшеуі қосымша төлемдерді қажет етпейді және мемлекеттік деректерге қатысты.
Қатысу қорытындысы бойынша Гүлзира Қуанышқызына Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің деканы, профессор Риккардо Пелиццо және деканның ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, қауымдастырылған профессор Дина Шәріпова атынан сертификат табысталды.
Бөлісу:
Фотогалерея







