AIU-да зияткерлік меншік саласының сарапшысы Дипанджан Нагпен кездесу өтті



























5 қазанда Астана халықаралық университетінде зияткерлік меншік саласы, технологиялар трансфері және венчурлық инвестиция бағытының халықаралық сарапшысы, доктор Дипанджан «DJ» Нагпен кездесу өтті.
Дипанджан Наг – InnovAito LLC компаниясының президенті, Rutgers University профессоры және Radix Ventures қорының венчурлық серіктесі. Ол 20 жылдан бері ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру, патенттік портфельдерді бағалау және инновациялық жобаларды дамыту бағытында жұмыс істейді.
Кездесу барысында ғылыми өнімдерді нарыққа шығарып, авторлық құқықты қорғау, технологиялық стартаптарды дамыту және университеттегі зерттеулерді коммерцияландыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жасанды интеллектіні зияткерлік меншік нысаны және патенттік талдау құралы ретінде пайдалану тақырыбы сөз болды.
Сарапшы инвесторлар технологиялық жобаны бағалау кезінде патенттік портфель мен жобаның ғылыми негізіне және нарықтағы әлеуетіне ерекше назар аударатынын түсіндірді. Сондай-ақ стартап дамуының бастапқы кезеңінде авторлық құқықты бекітудің маңызын атап өтті.
Дипанджан Наг өзінің халықаралық тәжірибесін бөлісіп, ғылыми бастамаларды стартаптар мен лицензиялық жобаларға айналдыру тетіктері туралы айтты. Оның жетекшілігімен 80-нен астам стартап құрылып, өндіріс өкілдерімен 600-ден астам эксклюзивті лицензиялық келісім жасалған.
Іс-шарада қатысушыларға ғылыми идеяларды коммерцияландыру, технологиялық жобаларға инвестиция тарту және өнімді тиімді басқару жайлы пайдалы ақпарат айтылды. Бұл – университеттегі ғылыми зерттеулер мен кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға үлкен мүмкіндік.
Бөлісу:
Фотогалерея











