БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы аясында CFive басшылығы Нью-Йоркте болды





















2026 жылы қыркүйекте Astana International University (AIU) базасындағы CFive интеллектуалдық платформасының басшылығы БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясының жоғары деңгейдегі апталығы аясында жұмыс сапарымен Нью-Йорк қаласында болды.
Іссапар бағдарламасы халықаралық форумдар мен сараптамалық пікірталастарды, сондай-ақ АҚШ-тың және халықаралық саяси, сарапшылық әрі іскерлік қоғамдастық өкілдерімен бірқатар кездесулерді қамтыды.
Сапар барысында Қазақстан мен Орталық Азияның стратегиялық дамуы, АҚШ-пен экономикалық ынтымақтастықты нығайту, Орта дәлізді дамыту, инвестициялар тарту және халықаралық сараптама мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бағдарламаның негізгі іс-шараларының бірі – 2026 жылы 22 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында өткен «Prosperity Through Peace: Investing in the Trans-Caspian Trade Route and TRIPP» болды.
Аталмыш іс-шараға АҚШ Президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф, АҚШ сенаторы Стив Дэйнс, АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілдері, Армения, Әзербайжан және Грузияның сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің өкілдері қатысты.
Талқылаулар Орта дәліз бен TRIPP бастамасын дамыту, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, жеке капитал тарту және Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ бен халықаралық нарықтар арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту мәселелерін қамтыды.
АҚШ жұмысындағы маңызды элементтердің бірі – Trans-Caspian Enterprise Fund болды. Аталған қорға АҚШ тарапынан 201 млн доллар бөлінді. Орта дәліз бойындағы және Орталық Азиядағы жобаларға қосымша капитал тарту құралы ретінде мемлекеттік қаржыландыруды пайдалану көзделген.
Тағы бір маңызды іс-шара — Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханның америкалық сарапшылық және іскерлік қоғамдастық өкілдерімен кездесуі болды. Кездесуді Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі мен Atlantic Council сараптамалық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Жиын барысында Қазақстан–АҚШ стратегиялық және экономикалық ынтымақтастығын дамыту, оның ішінде энергетика және инвестиция салаларындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар уран саласындағы серіктестікке ерекше назар аударылды. Қазақстанның уран өндіру саласындағы жетекші позициясы атап өтіліп, шикізат өндіруден бастап, қосылған құны жоғары өнім өндіруге және технологиялар трансферіне дейінгі барлық өндірістік тізбек бойынша серіктестікті нығайту қарастырылды.
Іссапар аясында CFive өкілдері Caspian Policy Center ұйымдастырған Нью-Йорктегі Harvard Club-та өткен 7th Caspian Business Forum-ға да қатысты. Форум барысында Орта дәлізді дамыту, өңірлік байланыс, энергетика және стратегиялық маңызды минералдар мәселелері талқыланды.
Asia Society бөлімінде Аустралияның бұрынғы премьер-министрі Кевин Радд пен Microsoft президенті Брэд Смиттің қатысуымен жаһандық өзгерістер, технологиялық даму және жасанды интеллектінің әлемдік экономика мен халықаралық қатынастарды трансформациялаудағы рөліне арналған пікірталас өтті.
CFive өкілдері, сондай-ақ, мемлекеттік органдар, бизнес және азаматтық қоғам өкілдерін біріктірген Concordia Annual Summit жиынына қатысты. Саммит аясында жаһандық сын-қатерлер, халықаралық ынтымақтастық және өзара серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері сөз болды.
Қоғамдық іс-шаралармен қатар, Нью-Йоркте америкалық сарапшылық және іскерлік қоғамдастық, талдау орталықтары мен халықаралық ұйымдар өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесулері өтті.
Кездесулер барысында CFive-пен ынтымақтастық перспективалары, бірлескен іс-шаралар мен зерттеу жобаларын өткізу, сондай-ақ платформаның АҚШ-тағы сараптамалық байланыстарын одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.
Іссапар CFive халықаралық қызметінің маңызды бағытына айналып, платформаға негізгі халықаралық алаңдардың бірінде өзінің сараптамалық күн тәртібін таныстыруға, серіктестіктерді нығайтуға және америкалық әрі халықаралық сарапшылық қоғамдастық өкілдерімен кәсіби байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Бөлісу:
Фотогалерея









