AIU-да «Harvard Mindset: ойлау архитектурасы» атты бизнес-кездесу өтті
























Астана халықаралық университетінде «Harvard Mindset: ойлау архитектурасы» тақырыбында бизнес-кездесу өтті. Екі сағатқа созылған іс-шараға Гарвард кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Реджина Раян және бизнес саласының сарапшылары қатысты.
Кездесудің ашылуында Сания Ирсалиева құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ жиынның басты мақсаты қазақстандық бизнестің дамуына ықпал ету әрі басқарудың жаһандық тәсілдерін енгізу екенін атап өтті.
Іс-шараның негізгі тақырыбы кәсіпкерлердің көшбасшылық қабілеттерін дамыту жайында болды. Шара барысында Реджина Раян «Harvard Mindset: әлемдік деңгейдегі көшбасшының ойлау архитектурасы» тақырыбында сөз сөйледі. Ол бизнестің белгілі бір деңгейде тоқтап қалу себептерін, жергілікті және халықаралық кәсіпкерлердің ойлауын, сондай-ақ бизнес иесінің стратег ретіндегі рөлін түсіндірді.
Ал спикер Нұрғиса Сейілов бизнесті дамытуға қажетті әдіс-тәсілдер жайлы баяндама оқыды. Ол компанияның барлық жұмысы меншік иесіне тәуелді болуы, команданың тұрақты бақылаусыз жұмыс істей алмауы, стратегия мен нақты басымдықтардың болмауы, үдерістердің жүйеленбеуі сияқты кәсіптің дамуына кедергі келтіретін мәселелерге тоқталды.
Реджина Раян, Жан Қарсыбаев және Әділ Нұрғожин қатысқан сессияда директорлар кеңесінің бизнесті дамытудағы рөлі талқыланды. Спикерлер шешім қабылдау тәртібінің, серіктестік пен жаңа нарыққа шығудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ енді дамып келе жатқан компанияларға қатысты пайдалы ақпаратты бөлісті.
Іс-шара барысында Кристина Вебер Harvard Alumni Entrepreneurs пен Yassa Business Institute бірлесіп әзірлеген Орталық Азия кәсіпкерлеріне арналған көшбасшылық және бизнесті басқару жобасын таныстырды. Алты апталық бағдарлама бизнес жүйесін жетілдіруге, көшбасшының ойлау қабілетін дамытуға және қатысушылардың өз компаниясына практикалық жұмыс жүргізуіне бағытталған.
Кездесу соңында қатысушылар спикерлерге сұрақтарын қойып, бағдарлама туралы толық ақпарат алды. Бұл жиын кәсіпкерлерге өз бизнесіндегі негізгі мәселелерді анықтауға, басқару жүйесін қайта қарауға және жаһандық деңгейде дамуға қажетті әдістермен танысуға мүмкіндік берді.
Бөлісу:
Фотогалерея










