Халықаралық ынтымақтастықтың жаңа перспективалары: Astana International University Лондонда бірқатар келіссөз жүргізді





















2026 жылы 2–5 қыркүйек аралығында Astana International University (AIU) Президенті С.А. Ирсалиев пен Бақылау кеңесі төрағасының кеңесшісі А.К. Байтуриннен құралған университет делегациясы «The Connected Campus: Technology, Partnership & Cross-Border Learning» халықаралық білім беру форумына қатысты.
Форум аясында іс-шараны ұйымдастырушы, Global University Systems (GUS) құрамына кіретін халықаралық InUni Global компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім стратегиялық білім беру серіктестігін дамытуға, студенттерді тартуға және AIU-дың халықаралық байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
С.А. Ирсалиев форум барысында Еуразия кеңістігінде халықаралық жоғары білім беру хабын құрудағы Қазақстанның тиімді тәжірибесі туралы баяндама жасады. Сондай-ақ университет базасында Бейжің тіл және мәдениет университетінің (BLCU) филиалын ашу тәжірибесін бөлісіп, шетелдік әріптестерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Іссапар кезінде AIU инфрақұрылымын және серіктестік желісін кеңейтуге бағытталған бірқатар келіссөз өтті.
InUni Global басқарушы директоры Марина Санехагпен (Marina Sunehag) өткен кездесуде AIU базасында халықаралық мультикампус құру бастамасы талқыланды. Жақын арада серіктестер бұл жоба бойынша ресми ұсыныстарын жолдайды.
Сонымен қатар GUS Canada бас директоры Синди Маклеод (Cyndi McLeod) AIU базасында University Canada West (UCW) кампусын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, бұл канадалық университеттің Қазақстандағы алғашқы кампусы болмақ.
City University of New York, Florida Memorial University, The University of Law және Teesside University басшылығымен өткен келіссөз нәтижесінде бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру бойынша келісімге қол жеткізілді.
University of Petroleum and Energy Studies (Үндістан) проректоры Абишек Синхамен (Abishek Sinha) кездесуде студенттерге арналған академиялық алмасу бағдарламаларын жетілдіру мәселесі талқыланды.
Teesside University вице-президенті Кристина Джейн (Christina Jayne) AIU делегациясын 7–9 қазан аралығында Ұлыбританияның Мидлсбро қаласында өтетін «Future Facing Learning and AI in Higher Education» халықаралық конференциясына қатысуға шақырды.
Университеттің халықаралық позициясын нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі – Халықаралық білім беру әкімшілері қауымдастығының (AIEA) бас директоры Клэр Оверманмен (Clare Overmann) кездесу болды.
Осы орайда Клэр Оверман AIU-ға AIEA мүшелігіне қосылуды ұсынды. 25 елден 700-ден астам жоғары оқу орнының басшыларын біріктіретін беделді халықаралық қауымдастыққа мүшелік AIU-ға әлемнің әр түкпіріндегі институционалдық байланыстар желісін кеңейтуге, кәсіби ортаға арналған ресурстар мен іс-шараларға қол жеткізуге, сондай-ақ халықаралық форумдар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
AIU делегациясының Лондонға жұмыс сапары халықаралық білім беру қауымдастығының университет бастамаларына жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетіп, ауқымды жаңа жобаларды жүзеге асыруға берік негіз қалады.
Бөлісу:
Фотогалерея









