AIU шетелдік ғалымдармен ынтымақтастықты нығайтып келеді















Бүгін Астана халықаралық университетінің ректоры Анар Мырзағалиева шетелдік ғалымдармен кездесті. Кездесуге Польшаның Познань жаратылыстану ғылымдары университетінің профессоры Петр Косински, Малайзияның Путра университетінің оқытушылары – профессор Лили Н. Абдуллах пен доцент, доктор Фатимах Халид, сондай-ақ Түркияның Ибрагим Чечен атындағы Агра университеті профессоры Мурат Гөкалп қатысты.
Білім беру сапасын арттыру, халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту мақсатында университеттегі пәндерді толық циклде оқыту үшін аталған шетелдік профессорлар биыл Астана халықаралық университетіне шақырылды. Олар білім беру үдерісінің барлық негізгі кезеңдеріне – пәндердің мазмұнын әзірлеу және оқу-әдістемелік қамтамасыз етуден бастап, дәріс және практикалық сабақтарды өткізуге, білім алушыларға консультациялық қолдау көрсетуге және олардың оқу нәтижелерін бағалауға дейін толыққанды қатысады.
Ынтымақтастықтың мұндай форматы халықаралық білім беру тәжірибесін оқу үдерісіне интеграциялауға, білім алушылардың академиялық дүниетанымын кеңейтуге, кәсіби және мәдениетаралық құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ университеттің халықаралық академиялық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді. Әрі тәжірибе алмасуға жағдай жасап, білім сапасын арттыруға ықпал етеді.
Шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік орнату және ғылыми-академиялық байланысты дамыту – Астана халықаралық университетінің маңызды бағыттарының бірі. Қазіргі таңда университетте 10-ға жуық білім беру бағдарламасы ағылшын тілінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар студенттердің білім алу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында шетелдік оқытушыларды Қазақстанға шақыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.
Кездесу барысында бірлескен ғылыми жобалардың санын арттыру, заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу және академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жетілдіру мәселелері талқыланды.
Қазіргі уақытта педагогика, ақпараттық технологиялар мен инженерия, сондай-ақ жаратылыстану ғылымдары бағыттарында шетелдік жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасу қарқынды дамып келеді.
Болашақта халықаралық серіктестікті одан әрі нығайтып, білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобалардың санын арттыру жоспарланып отыр.
Бөлісу:
Фотогалерея







