Келісімге келу өнері: келіссөз неліктен мемлекеттің стратегиялық артықшылығына айналуда


















2026 жылғы 11-12 шілде күндері Astana International University (AIU) өкілдері Harvard Alumni Kazakhstan қауымдастығы мен Талдау мектебі ұйымдастырған, Coventry University Kazakhstan базасында өткен «Келіссөз жүргізу шеберлігі» білім беру бағдарламасына қатысты.
Көпшілік келіссөзді қарсы тарапты иландыру өнері деп қабылдайды. Шын мәнінде, келіссөз алғашқы сөз айтылған сәттен емес, одан әлдеқайда бұрын басталады. Ол - дайындықтан, сенім қалыптастырудан, өз мүддеңді айқындаудан және қарсы тараптың ұстанымының астарында жатқан шынайы мүдделерді түсінуден бастау алады. Сондықтан табысты келіссөз көбіне келіссөз үстелінде емес, оған дейін қалыптасады.
Бағдарламаның өзегі де осы ойға құрылды. Гарвард келіссөздер мектебінің қағидаттарына негізделген курс келіссөзді жеңу немесе жеңілу мәселесі ретінде емес, ортақ құндылық қалыптастыру үдерісі ретінде қарастырды. Қатысушылар адамдардың қалай шешім қабылдайтынын, сенімнің қалай қалыптасатынын және ұзақ мерзімді серіктестік қандай қағидаларға сүйенетінін талқылады.
Бағдарлама барысында 3D Negotiationтұжырымдамасына ерекше назар аударылды. Бұл тәсіл келіссөздің мәні тек үстел басындағы пікір алмасуда емес екенін көрсетеді. Нағыз келіссөз оған дейін басталады: мүдделі тараптарды анықтау, ықтимал серіктестерді бағалау, ортақ мүддені табу және болашақ келісімнің архитектурасын алдын ала қалыптастыру. Қазіргі дипломатияда дәл осы қабілет барған сайын маңызды бола түсуде.
Курс барысында мінез-құлық экономикасы мен когнитивтік психология мәселелері де кеңінен қарастырылды. Неліктен алғашқы ұсыныс кейінгі келіссөздің бағытын айқындайды? Неліктен адамдар мүмкін болатын пайданы емес, жоғалту қаупін әлдеқайда күшті қабылдайды? Неліктен эмоциялар мен қабылдау ерекшеліктері кей жағдайда нақты есептен де ықпалды болады? Бүгінде бұл сұрақтардың жауабы тек ғылым үшін ғана емес, мемлекеттік басқару, бизнес және халықаралық ынтымақтастық үшін де маңызды.Сонымен бірге күрделі келіссөздерде кездесетін психологиялық қысым тәсілдері талданды. Алайда олардың қолданылуынан гөрі, оларды дер кезінде танып, келіссөздің конструктивті сипатын сақтап қалу мәселесіне басымдық берілді. Нағыз кәсіби келіссөз жүргізуші қарсыласын әлсіретуге емес, өз ұстанымын байыппен қорғауға және өзара сенімге негізделген диалог құруға ұмтылады.
Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы келіссөз табиғатына да жаңа қырынан қарауға мүмкіндік берді. Үлкен тілдік модельдер ақпаратты өңдеп, ықтимал сценарийлерді ұсына алады. Алайда сенім орнату, адамның айтылмаған ойын сезіну, мәдени ерекшеліктерді ескеру және ұзақ мерзімді қарым-қатынас қалыптастыру әлі де адамның айрықша қабілеті болып қала береді.
Осы тұрғыдан А.Эйнштейннің «Барлығын мүмкіндігінше қарапайым ету керек, бірақ одан әрі жеңілдетуге болмайды» деген қағидасы жаңа мазмұнға ие болды. Келіссөздегі кәсібилік мәселені жеңілдетуде емес, оның күрделілігін жоғалтпай, баршаға түсінікті ете білуде көрінеді. Сол сияқты адамды тек оның ұстанымы арқылы емес, құндылықтары мен мүдделері арқылы түсіне білу – табысты диалогтың басты шарты.
Бұл ұстаным Талдау мектебінің миссиясымен де үндеседі. Мектептің мақсаты - әртүрлі саланың мамандарын ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіріп, аналитикалық ойлауды дамыту, үздіксіз кәсіби жетілуді қолдау және Қазақстанның адами капиталын нығайтуға үлес қосатын кәсіби қауымдастық қалыптастыру.
Қазақстан үшін келіссөз мәдениеті бүгінде тек дипломатиялық тәжірибемен шектелмейді. Ұлттық мүдделер халықаралық келіссөздерде ғана емес, университеттердің ғылыми серіктестіктері, бірлескен зерттеулер, білім беру жобалары, технологиялар трансфері және академиялық дипломатия арқылы да ілгерілейді. Сондықтан келіссөз жүргізу мәдениеті мемлекеттің халықаралық беделі мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналып келеді.
AIU үшін мұндай бағдарламаларға қатысу – кәсіби біліктілікті арттыру ғана емес, университеттің халықаралық ынтымақтастықты дамыту, жаһандық құзыреттерді нығайту және жауапты көшбасшылар даярлау жөніндегі стратегиялық ұстанымының көрінісі. Қазіргі университет білім берумен ғана шектелмейді. Ол адамдарды, идеяларды және институттарды өзара байланыстыратын, сенім мен әріптестікке негізделген жаңа мүмкіндіктер кеңістігін қалыптастырады.
Astana International University Harvard Alumni Kazakhstan, Талдау мектебі және Coventry University Kazakhstan ұжымдарына мазмұнды әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған бағдарлама үшін, сондай-ақ кәсіби пікір алмасу мен жаңа серіктестіктердің қалыптасуына мүмкіндік жасағаны үшін шынайы ризашылығын білдіреді.
Бөлісу:
Фотогалерея








