AIU Құқық жоғары мектебінің профессоры Иманбаев С.М. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды






Астана халықаралық университеті Құқық жоғары мектебінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Иманбаев Серік Марденұлы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қолы қойылған бұл жоғары марапат – Серік Марденұлының көпжылдық адал еңбегіне, жоғары кәсібилігіне, сондай-ақ отандық жоғары білім мен заң ғылымын дамытуға қосқан елеулі үлесіне берілген лайықты баға.
Марапатты салтанатты түрде табыстау рәсіміне Астана халықаралық университетінің Президенті Серік Азатұлы Ирсалиев қатысып, Серік Марденұлын жоғары марапатымен құттықтап, оның білікті заңгер мамандарды даярлау ісіне, университеттің академиялық әлеуетін нығайтуға және ұлттық жоғары білім беру жүйесін дамытуға қосқан қомақты үлесін ерекше атап өтті.
Серік Марденұлының кәсіби жолы – мемлекет пен қоғамға адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол 30 жылдан астам уақыт мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында абыройлы еңбек етіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында мол тәжірибе, терең білім және жоғары кәсіби бедел қалыптастырды. Бүгінде осы бірегей тәжірибесін ғылыми-педагогикалық қызметімен ұштастыра отырып, құқық саласының заманауи талаптарына жауап бере алатын жаңа буын заңгерлерді даярлау ісіне табысты үлес қосып келеді.
Көп жылдар бойы Серік Марденұлы ғылыми-зерттеу және педагогикалық қызметті жемісті атқарып, жоғары білікті заңгер мамандарды даярлауға, заң білімін жетілдіруге, құқықтық ғылымды дамытуға және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді.
Бөлісу:
Фотогалерея




