Санкт-Петербургте Қазақстанның эндаумент-қорларының болашағы талқыланды

2026 жылғы 19-20 мамырда Санкт-Петербургте Ресейдің Ұлттық эндаументтер қауымдастығы (ҰЭҚ) ұйымдастырған «Вечные вклады» (Мәңгілік үлес) Ассамблеясы өтті. Бұл – жыл сайын Ресей мен өзге елдерден, соның ішінде университеттерді, қайырымдылық қорларын, мемлекеттік билік органдарын, сондай-ақ іскерлік қоғамдастық пен қаржы нарығының өкілдерін қоса алғанда, 100-ден астам ұйымның басын қосатын эндаумент-қорларды дамыту және қайырымдылық мәдениетін ілгерілету саласындағы ең ірі іс-шаралардың бірі.
Ассамблеяның пленарлық сессиясында Ресей Ғылым және жоғары білім министрлігінен Экономикалық саясат департаментінің директоры Аслан Канукоев, РФ Экономикалық даму министрлігінен Әлеуметтік сала мен КЕҰ секторын дамыту департаменті директорының орынбасары Елена Иваницкая және Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің ректоры Андрей Рудской қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан форум қатысушыларын делегация жетекшісі Мира Тұрсымбаева құттықтап, елдегі эндаумент-қорлардың дамуы және олардың ғылым мен университеттік білімді трансформациялаудағы рөлі туралы айтып берді.
«Қазақстан университеттердің ұлттық академиялық озықтық моделін дамытуда. Елімізде 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды, сондықтан қазір бірнеше ауқымды мемлекеттік білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл үшін бізге жоғары оқу орындарын тұрақты қаржыландыруды және ғылымның дамуын қамтамасыз ететін эндаумент-қорларды дамытуды күшейту қажет. Бұндай іс-шаралар тәжірибе алмасудың ұзақмерзімді тетіктеріне ықпал етеді. Екі елде де эндаумент-қорларды дамыту өте маңызды, өйткені оларға салынған инвестиция – мемлекеттің болашағына салынған инвестиция», - деп атап өтті Қазақстан өкілі.
Пленарлық сессияның маңызды нәтижесі Қазақстанның Ұлттық эндаумент-қорлар қауымдастығы мен Ресейдің Ұлттық эндаументтер қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Құжатқа Қазақстанның Ұлттық эндаумент-қорлар қауымдастығы Басқармасының төрағасы Фархад Қуанғанов пен Ұлттық эндаументтер қауымдастығы Басқармасының төрайымы Светлана Лаврова қол қойды.
Форумның негізгі бағыттарының бірі Қазақстанның эндаумент-қорларды дамыту тәжірибесін талқылау болды. Қазақстандағы эндаумент-қорларды дамытуға арналған арнайы сессия аясында қатысушылар 2025 жылы «Мақсатты капитал қорлары және эндаумент-қорлар (мақсатты капитал) туралы» заң қабылданғаннан кейінгі жаңа саланың даму болашағына зор қызығушылық танытты.
Бұл бағытты «Аврора-Ала» КҚ атқарушы директоры Евгений Моховиков модерациялады, ал сарапшылар ретінде Мира Тұрсымбаева, Фархад Қуанғанов, Тимур Мәкенов және «Standard Инвестициялық компаниясы» АҚ басқарушы директоры Санжар Сейтқасымов сөз сөйледі.
Қатысушылар арасында қазақстандық университеттерге деген ерекше қызығушылықты Study-In-Kazakhstan экспозициясы тудырды. Қазақстанда шетелдік студенттерді оқытудың жаңа мүмкіндіктері мен академиялық ұтқырлық бастамаларын Astana International University, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті, және “Астана медицина университеті” таныстырды.
Ассамблея бағдарламасы мазмұнды панельдік пікірталастарды, дөңгелек үстелдер мен іскерлік кездесулерді қамтыды. Форум жұмысы фандрайзинг пен эндаументтердегі цифрлық қаржы мен цифрлық активтерге арналған жабық сарапшылық сессиямен аяқталды. Сессия аясында қайырымдылық нарығының болашақ сценарийлерін модельдеу бойынша стратегиялық ойын өткізілді, оған қазақстандық Standard және Freedom Broker басқарушы компаниялары да қатысты.
«Вечные вклады» Ассамблеясына қатысу Қазақстан үшін әлеуметтік саланы тұрақты қаржыландырудың жаңа тетіктерін дамытудағы ғана емес, сонымен бірге жалпы ғылым мен жоғары білімді әлемнің жетекші университеттерінің озық тәжірибелеріне сай жаңғыртудағы елеулі прогрестің халықаралық деңгейде танылуы жолындағы маңызды қадам болды.
Бөлісу:



