«Заң және тәртіп» қағидасы аясында AIU студенттері ашық сот отырысына қатысты

2025 ж. 21 қар., жм, 11:45

20 қараша күні Астана халықаралық университетінің Құқық жоғары мектебінің студенттері аға оқытушы Ж.Д. Сейлхановтың жетекшілігімен Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында өткен ашық сот отырысына қатысты. Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидасы аясында ұйымдастырылып, болашақ заңгерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталды.

Сот отырысында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлімі бойынша айыпталған азамат «Н»-ге қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл бап есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау не өткізу сияқты қоғамға аса қауіпті әрекеттерді қамтиды.

Осындай оқу форматы студенттерге сот жүйесінің нақты жұмыс барысын көруге, құқық нормаларының іс жүзінде қалай қолданылатынын түсінуге зор мүмкіндік берді. Сонымен қатар, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрмет сезімін нығайту және болашақ мамандардың кәсіби ой-өрісін кеңейту мақсатында да ерекше маңызға ие болды.


973