AIU-ды академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Түркияның Бурса Улудаг университетінің профессоры Эмин Атасой (Emin Atasoy) келіп, «6B01504 География» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттеріне «Елтану» пәні бойынша дәріс өткізді.
Курстың мақсаты – студенттердің әртүрлі елдердің саяси, экономикалық, мәдени және тарихи ерекшеліктері туралы білімін кеңейту. Профессор Атасойдың дәрістері студенттердің географиялық ой-өрісін дамытуға және мәдениаралық қарым-қатынас қабілетін арттыруға септігін тигізді.
Дәрістер барысында Түркия мен Қазақстан арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарға ерекше назар аударылды. Студенттер екі елдің нақты мысалдары арқылы теориялық білімдерін практикалық дағдылармен ұштастырды.
Курстың басты ерекшелігі – интерактивті форматта өтуі. Профессор студенттерді талқылауларға белсенді тартып, тікелей байланыс орнатты. Мұндай әдіс студенттердің материалды жақсырақ меңгеруіне және мәдени-географиялық ерекшеліктерді талдау бойынша құнды дағдылар алуына ықпал етті.