«Игілік түбірі – ынтымақ»
Бағдарламаның басты нысаны - сәбиден егде жасқа дейінгі әртүрлі қабілеттегі және мәртебедегі Адам: әйел немесе ер адам; дінге сенуші, агностик немесе атеист; жұмыспен қамтылған немесе жұмыссыз; ерекше қажеттіліктері бар адамдар немесе зейнеткер; жалдамалы жұмысшы немесе кәсіпкер. Бағдарлама қабілеттерді дамыту және оларды өмірде жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктерге тең қол жетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Басты құндылықтары Адамның бостандығы, қадір-қасиеті және әл-ауқаты болып табылатын заманауи қоғамды құратын - жастар ерекше назарда болып отыр.
Президенттік мерзім ішінде заңнама мен мемлекеттік саясат арқылы бағдарламаның
іске асырылатындығына толық жауапкершілікті өзіме аламын. Үнемі, кем дегенде тоқсанына
бір рет, мені сайлаған халық алдында делдалдарсыз есеп беремін.
1. БІРЛІК МӘДЕНИЕТІ
Адам өмірінің барлық аспектілері, мінез-құлық себептері мен сипаты оның мәдениетімен,
мәдени дәстүрлерімен және құндылықтарымен байланысты. Мәдениет саласында
белсенді азаматтық ұстанымы бар заманауи адамды қалыптастыруға ықпал ететін
шаралар әзірленіп, іске асырылатын болады. Заманауи адам – өз бетінше шешім
қабылдайтын және олардың салдарлары үшін жауапкершілік беретіналатын еркін
адам: табыстың жемісін көреді немесе өз қателіктері үшін жауап береді.
Тіл – этникалық қана емес, ұлттық бірегейліктің де басты критерийі.
Қазақстан халқының басқа этностарының тілдеріне нұқсан келтірмей, қазақ тілі
жан-жақты дамиды. Бұл үшін қажетті және жеткілікті зияткерлік әрі қаржылық
ресурстар бағытталатын болады. Қазақ тілін дамыту үшін жүйелі, ынталандыратын, ал
кейбір жағдайларда қазақ тілін қолдануды талап ететін шаралар жүзеге асырылады
(мемлекеттік органдар, мемлекеттік қызметтер және т.б.). Оқу, ғылыми және
кәсіби әдебиеттердің, оның ішінде цифрлық форматтағы еңбектердің сапасын
арттыру жұмыстары жалғасады. Қазақ тіліндегі теледидар бағдарламаларының,
киноөнімдерінің және аудиторияны - тұтынушыларды ұлғайту құралдарының сапасы
артады. Осы және өзге де шаралар ел халқының мақұлдануынан өту үшін алдын ала сынақтан
өтеді.
Қазақ тілі әлемдік тілдер арасында лайықты орын алады. Әлемнің кез келген
тілі Қазақстанда әлеуметтік коммуникация құралы ретінде тең құқықтарға ие
болады.
Мәдениет арқылы толеранттылық, азаматтылық және патриотизм енгізіледі.
Біртұтас Қазақстан халқын, онымен бірге біртұтас қазақстандық ұлтты
қалыптастыратын түрлі этностардың мәдени дәстүрлерінің жанжалсыз қатар өмір
сүруі және үйлесімді дамуы қамтамасыз етіледі.
2. БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ
Білімді адам – өзгеріс факторы. Заманауи адамды қалыптастыру үшін білім
берудің барлық деңгейлерінің (мектепке дейінгі, мектеп, кәсіптік, жоғары білім
және жоғары оқу орнынан кейінгі білім) сапасын арттыру қажет. Білім берудің
негізгі функциясы – ағарту. Келесі бір функциясы – адамның қабілеттерін дамыту,
өмір бойы кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру. Бұл ережелер білім беру жүйесін
дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеу кезінде ескерілетін болады.
Бірінші қағида – оқушылардың бәріне сапалы білім алуға тең қол жеткізу. Ол
үшін бірқатар міндеттер қойылады: ауыл мектептерінің білім беру сапасын
арттыру; балаларды отбасының әлеуметтік мәртебесі бойынша саралауға алғышарт болатын
мектептерді қарапайым және элиталық деп бөлудің қалыптасқан тәжірибесін жою.
Балаларды жас кезінен түрлі әлеуметтік сипаттары бойынша бөлу жеке тұлғаны
қалыптастыруға теріс әсер етеді. Жалпы білім беретін мектептерді зияткерлік
мектептер типіне жатқызудың қатаң және жоғары объективті критерийлері
қабылданатын болады. Мектеп мұғалімдерін (педагогтарды) даярлауға ерекше көңіл
бөлінеді.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жоғары кәсіптік стандарттарға әрі
білім беру жүйесіне қойылатын мемлекеттік талаптарға сәйкес кәсіби кадрларды
даярлайтын болады. Колледждердің материалдық және зияткерлік активтерінің
сапасы заманауи өнеркәсіптік технологияларды игеру үшін жеткілікті болуы тиіс.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі айтарлықтай
жаңғыртылады, себебі университеттер экономика сұраныстарына жауап беретін елдің
зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға қабілетті болуы қажет. Өңірлерді білікті
кадрлармен қамтамасыз ету үшін өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту жөнінде
шаралар қабылданады. Мұндағы міндеттердің бірі – ақылы және тегін университеттік
білім арасындағы оңтайлы қатынасты табу. Университеттер жоғары деңгейдегі
зерттеулерді жүзеге асыруға қажетті өзінің ғылыми-техникалық базасын құру үшін
жеткілікті дәрежеде мемлекеттік қолдау алуы тиіс.
3. ӘДІЛ ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ
Әділ мемлекет – бұл ең алдымен әділ заңдар, сонымен қатар Адамның жынысына, ұлтына және әлеуметтік
мәртебесіне қарамастан құқықтар мен міндеттерді, сондай-ақ марапаттаулар мен
жазаларды әділ бөлетін нормалар, қағидалар мен ережелер.
Құқықтық мемлекет – мемлекеттік билік органдарының Конституция мен
заңнаманың барлық нормаларын мүлтіксіз орындауын білдіреді. Құқықтық мемлекет –
мәртебеге қарамастан, бәрінің заң алдындағы теңдігі.
Динамикалық өзгерістер мемлекеттің өте икемді болуын талап етеді, сондықтан
атқарушы билік шешім қабылдау сатылары мейлінше аз, өз функцияларын жүзеге
асыруда тиімді және азаматтық қоғамның бақылауында болуы керек. Үкіметті
реформалау міндеттерінің бірі шешімдер қабылдау және оларды орындау сатыларын
қысқарту, бұл мемлекеттік басқаруды барынша орталықсыздандыруды білдіреді.
Орталық буындағы органдардың функциялары едәуір қысқарады, тиісінше, аймақтық
деңгейдегі мемлекеттік басқару жүйесі дамиды, атап айтқанда олардың дербес
шешім қабылдау құқықтары кеңейтіледі. Күшті аймақтар – күшті республика!
Бюджетаралық қатынастар жүйесі реформалауды талап етіп отыр, басқаша
айтқанда, бюджетаралық реттеудің тиімді моделін құру қажет. Реформалау
басымдықтарының бірі – өңірлердің шығыс міндеттемелері мен өңірлік бюджеттердің
салық кірістері арасындағы диспропорцияны төмендету. Бюджет жүйесінің әртүрлі
деңгейлеріндегі кірістерінің мөлшері оларға бекітілген функцияларды орындау
үшін қажетті шығыстардың мөлшеріне сәйкес келуі тиіс. Атқарушы биліктің тиісті
деңгейіндегі міндеттер (функциялардың, міндеттемелердің) кешенін жеткілікті
дәрежеде қаржыландыру үшін бюджеттердің кіріс және шығыс бөліктерін
қалыптастыру қағидалары, критерийлері мен тәсілдері әзірленеді. Осылайша,
аумақтың экономикалық әлеуеті мен салық салынатын базасына қарамастан, өңірлердің
бюджеттері шығыстар бойынша міндеттемелерді орындау үшін қажетті және
жеткілікті көлемде кірістермен қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру халықтың барлық деңгейдегі
әкімдерді сайлаған кезде ғана қажетті нәтиже береді. Бұл азаматтардың өмірлік
маңызды саяси шешімдер қабылдауға қатысуын қамтамасыз етіп қана қоймай,
жергілікті атқарушы биліктің халық алдында есеп беру дәрежесін арттырады.
Атқарушы билік тармағын реформалаумен қатар, биліктің өкілділік тармағы да
реформаланады. Халықтың саяси рөлін арттыру мақсатында жергілікті өзін-өзі
басқару институттары, атап айтқанда, ауыл деңгейінде жергілікті өзін-өзі
басқарудың жаңа өкілді органдарын құру арқылы дамытылатын болады.
Мемлекеттік сатып алу жүйесі, атап айтқанда нарықтық бағалардың
тұрақсыздығы жағдайында ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасасуды көздейтін
мемлекеттік сатып алу жүйесі жетілдірілетін болады. Мемлекеттік сатып алуды
реформалау кезінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың
ерекшеліктері – мәлімделген мақсаттарға қол жеткізбеу тәуекелдері ескерілетін
болады.
4. ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП, ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
Құқықтық тәртіп азаматтардың заңға бағынуына негізделген. Заңға бағыну - қызмет
бабы бойынша заңдылықты қамтамасыз етуетін адамдардан басталады. Құқық қорғау
органдары қызметінің заңдылығы мен ашықтығы, сот билігінің тәуелсіздігі,
мемлекеттік қызметшілердің заңды бұзу фактілерінің жариялылығы қамтамасыз
етілетінін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтілетінін және жазаның
бұлтартпастығына қол жеткізілетінін жауапкершілікпен мәлімдеймін.
Сыртқы қатерлердің, оның ішінде қазірдің өзінде сезіліп тұрған қауіптердің
өсуі жағдайында елдің ұлттық қауіпсіздігін, ең алдымен оның қорғаныс қабілетін
нығайту міндеті өзекті болып қалуда. Қару-жарақты жаңғырту, мемлекеттік
қорғаныс тапсырысы мен жұмылдыру жүйесін жетілдіру, кадрлар даярлау мәселелерін
көздейтін жаңа әскери (қорғаныс) доктрина қабылдауды өте маңызды деп санаймын. Ең
маңыздысы - қазақстандық қорғаныс өнеркәсібін құру бағдарламасы жан-жақты
қолдау табады.
5. АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМДЫ ДАМЫТУ
Бүгінгі таңда кәсіподақтар азаматтық қоғамның ең көп бөлігі, бірақ олардың
саны тиімді күшке айналмады. Өйткені көптеген кәсіподақ ұйымдарының, ең алдымен
республикалық және салалық деңгейдегі басшылары өз мүшелерінің мүдделерін
қорғауға қабілетсіз немесе дайын емес. Сондықтан тәуелсіз мықты кәсіподақтарды
қалыптастыру үшін заңнама мен өзге де институттарды жетілдіру жолымен жағдайлар
жасалатын болады. Әлеуметтік әріптестермен: мемлекеттік ұйымдар мен жұмыс
беруші ұйымдардың қарым-қатынасының барлық деңгейлерінде кәсіподақтар
тәуелсіздікке қол жеткізуі тиіс. Кәсіподақтар еңбек адамының мүдделерін
білдіретін қоғамдық ұйымдар ретінде саяси шешімдер қабылдау жүйесіне тартылатын
болады.
Ішкі және сыртқы экономикалық нарықтағы белгісіздік жағдайында кәсіпкерлік
институттарының рөлі артып келеді. Ұлттық деңгейдегі ұйымдар қазіргі заманғы
нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес келмейді, шағын және орта бизнесті,
әсіресе жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қорғауға мүдделі емес және қабілеттері
жоқ. Бұл – Қазақстандағы ақиқат. Сондықтан кәсіпкерліктің дамуына нақты ықпал
ете алатын салалық және ұлттық деңгейдегі кәсіпкерлердің заманауи ұйымдарын
қалыптастыру үшін жағдайлар жасалады. Кәсіпкерлер ұйымдары туралы заң
қабылданады, ол саланы дамыту міндеттерін шешу үшін қажетті және жеткілікті
мәселелердің ауқымы бойынша кәсіпкерлердің салалық ұйымдарының құзыреттерін
айқындайды. Кәсіпкерлердің күшті тәуелсіз ұйымдары олигархиялық бизнестің
болуына тосқауыл болады.
Әлеуметтік әріптестік институты, атап айтқанда мемлекет, сондай-ақ жұмыскерлер
ұйымдары мен кәсіпкерлер ұйымдары арасындағы диалог дамиды. Мұндай диалог
азаматтық қоғамның дамуына ықпал етеді. Тараптар диалогын кеңейтуді көздейтін «Әлеуметтік
әріптестік туралы» заң қабылданатын болады.
Үкіметтік емес ұйымдардың дамуын қолдау, оларды өңірлік мәселелерді шешуге,
оның ішінде өңірлердің даму жоспарларын әзірлеуге және оларды жүзеге асыруға
қатыстыру басымдылық болып табылады.
Толыққанды азаматтық қоғам – бұл сөз бостандығы, яғни тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары. Азаматтар сенімді ақпаратқа қол жеткізе алуы тиіс, бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарының сапасына, осы сала қызметкерлерінің кәсібилігіне, олардың лайықты еңбекақысына тікелей байланысты. Мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіз болуына, «биліктің төртінші тармағы» деп аталуы үшін қажет нәрсенің бәрін жасайды.
6. ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТ
Адамның және оның отбасының әл-ауқаты мен тұрмыстық жағдайы әлеуметтік
саясаттың назарында болады. Негізгі қағида – адамның лайықты өмір сүру деңгейін
қамтамасыз ету. Отбасы, қоғамның негізгі ұяшығы ретінде, жан-жақты дамуы үшін
қажетті және тиісті әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етіледі. Әр отбасы баспаналы
болуға құқылы. Сондықтан тұрғын-үй сатып алуға жеткілікті қаражаты жоқ
отбасылар үшін әлеуметтік тұрғын-үй алуға мүмкіндіктер жасалады.
Денсаулық сақтау жүйесін дамыту. Мемлекеттік бюджеттің денсаулық сақтауды
қаржыландыруға арналған шығыстары ІЖӨ-нің 6% - на дейін ұлғайтылады, оның басым
бөлігі тегін медициналық көмек көрсетуге бағытталады. Мемлекеттік қаржыландыруға
қосымша ретінде ерікті медициналық сақтандыру жүйесі дамытылады.
Медициналық қызметтердің сапасы артады. Әрбір азамат тиісті мемлекеттік
немесе жеке медициналық ұйымдар арқылы өзінің және оның отбасының
қажеттіліктерін алдын-алу, жою немесе жеңілдету үшін қажет консультациялық және
жеке көмек ала алады. Ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті жақындата және
қажетті медициналық инфрақұрылымы бар көп бейінді орталық ауруханаларды дамыта
отырып, ауылдық денсаулық сақтауды дамыту жалғастырылады.
Медициналық персоналдың, ең алдымен дәрігерлер мен орта медициналық
персоналдың тапшылығын жою жөніндегі шаралар әзірленеді және жүзеге асырылады.
Бұл мәселені шешу үшін: дәрігерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру;
дәрігерлердің жалақысын көбейту; дәрігерлердің еңбек жағдайларын жақсарту қажет.
Сондай-ақ дәрігердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі дамытылады, яғни
дәрігердің қызметін қателіктерден құқықтық қорғау күшейтіледі.
Мемлекеттік әлеуметтік стандарттар. Ең төменгі мемлекеттік әлеуметтік
стандарттар мен әлеуметтік қамтамасыз ету нормаларын кезең-кезеңімен көтеру,
оның ішінде аз қамтылған азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру
жүзеге асырылады. Бұл ретте ЭЫДҰ елдерінің ең төменгі әлеуметтік стандарттары
бағдар ретінде қабылданады.
Ең төменгі жалақы мөлшері маңызды әлеуметтік стандарт болып табылады.
Әлемнің көптеген елдерінде қабылданғандай, жыл сайынғы есептеу мен индекстеу,
сондай-ақ оның шамасын келісу және бекіту әдістері заңнамалық түрде бекітіледі.
Әлеуметтік қорғау. Қағида – тұрғылықты жеріне қарамастан,
адамның және оның отбасының әлеуметтік қорғалуының тең деңгейі. Келесі
міндеттерге ерекше назар аударылады:
- отбасылық қолдаудан уақытша немесе тұрақты айырылған балалар мен жастарды
әлеуметтік тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ету және оларға арнайы көмек көрсету;
- әлеуметтік қамсыздандырудан айырылған, кедейлікте немесе осындай
жағдайларға душар болу алдында тұрған адамдар мен отбасыларды әлеуметтік
қорғау;
- ерекше қажеттіліктері бар адамдарға кәсіптік бағдарлауда көмек көрсету,
оқыту және кәсіптік даярлау үшін мүмкіндіктер беру, әлеуметтік қолдауды
күшейту, сондай-ақ оларға қоғамнан орын табу үшін тең жағдайлар жасау;
- егде жастағы адамдарды әлеуметтік қорғау, атап айтқанда оларды лайықты
өмір сүруге және әртүрлі салаларда белсенді болып қалуға жеткілікті құралдармен
қамтамасыз ету.
Ұлттық зейнетақы жүйесі (аралас үлгісі сақтала отырлып) жаңғыртылады, әйелдердің
әл-ауқатын нашарлатпай, олардың зейнеткерлік жасы төмендетіледі. Жаңғырту шеңберінде
ерікті зейнетақы және әлеуметтік сақтандыру жүйесі дамитын болады. Еңбек
жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда жұмыс істейтін
қызметкерлердің ерте зейнетке шығу мәселесі шешіледі.
Лайықты жағдай мен еңбекақы. Жұмыс берушінің қолайлы, қауіпсіз және
салауатты еңбек жағдайларын жасау, қызметкерлердің гендерлік теңдігін және
әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек әлеуетін
дамыту жауапкершілігін арттыруға қатысты еңбек заңнамасына өзгерістер мен
толықтырулар енгізіледі. Қатысу демократиясы өндірістен басталады. Еңбек
жағдайларын жақсарту және өзге де өндірістік мәселелерді шешу үшін
қызметкерлердің корпорацияның басқару органдарына қатысу құқықтарын заңнамалық
тұрғыда бекіту қамтамасыз етіледі.
Заңнаманың тиісті нормалары мен формалды ережелерін әзірлеу және қабылдау арқылы еңбекақы төлеудің ұлттық жүйесін терең реформалау жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда еңбекақы төлеу жүйесі жұмыс беруші мен еңбек адамының мүдделері тоғысатын проблемалық сала болып қалуда. Мәселені шешу жолы – жалақы теңсіздігі мәселелерінің өзектілігін төмендететін және оларды тарифтеу мен индекстеу әдістерін ашық ететін жалақы жүйесін біріздендіру.
7. ЭКОНОМИКА МОДЕЛІН ЖАҢҒЫРТУ
Жиі және тосыннан болатын өзгерістерге толы нарықтық жағдайларда кәсіпкерліктің
дамуын қамтамасыз етуге қабілетті заманауи экономикалық институттарға
негізделген экономиканың жаңа моделі құрылады. Экономиканың жаңа моделінің
негізін құрылымдық; инвестициялық; ғылыми-техникалық; сыртқы сауда; фискалды экономикалық
саясаттар жүйесін әзірлеуге және іске асыруға мүдделі кәсіпкерлер ұйымдары құрайды.
Құрылымдық саясат ұлттық экономиканы сапалы жаңартуға, өнеркәсіп пен ауыл
шаруашылығының өңдеуші салаларының, сондай-ақ жалпы ұлттық табыстағы шағын және
орта кәсіпкерліктің үлесін елеулі ұлғайтуға бағытталатын болады. Құрылымдық саясат
«голландиялық ауруды» жеңуді қамтамасыз етеді, экономикадағы шикізат секторының
орны мен рөлі өзгереді. Шетелдік компаниялардың жер қойнауын пайдалануға
қатысуы қысқарады, бұл ұлттық экономикаға және жалпы экономикалық қауіпсіздікке
сырттан теріс әсер ету тәуекелдерін азайтады. Технологиялық жаңғыртуға және
қайта құрылымдауға (диверсификациялау, мамандандыру, өндіріс ауқымын ұлғайту)
бағытталған жобаларды ұсынатын шетелдік инвесторлар қолдау табады. Жобалары өнімнің
сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын, оларды халықаралық
өндірістік жүйеге біріктіретін компаниялар қолдауға ие болады.
Макротехнологияға маманданған, азаматтық және әскери мақсаттағы өнім
шығаратын компания құрылады. Макротехнологиялық компания айналасына көптеген
компаниялар мен ұйымдарды, соның ішінде әскери-өнеркәсіптік кешен компанияларын
біріктіретін болады. Макротехнологиялық компания Қазақстанның оңтүстік
өңірлерінің бірінде ұлттық ауқымдағы өнеркәсіптік кластердің өзегіне айналады.
Маңызды міндет – ірі кәсіпкерліктің құдіретін жеңу. Мемлекеттің ірі
бизнеске қатынасының негізгі қағидасы – ұлттық қауіпсіздікті нығайтатын арнайы
инвестициялық бастамаларды қоспағанда, іріктелген қолдау шараларынан бас
тартуды білдіретін толық бейтараптық. Тиісінше, олигархиялық бизнес тарихқа айналады.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жергілікті атқарушы билік органдарының
басты міндеті болады, оны шешу үшін материалдық және қаржылық ресурстарды
жұмылдырудың тиісті ауқымы қамтамасыз етіледі. Мемлекет кәсіпкерлікті
капиталдандыру мен жеке инвестицияларды қолдайды, тиісті экономикалық
институттар құрады.
Аздаған адамдардың меншігінде неғұрлым көп активтер болса, экономикалық
теңсіздік деңгейі соғұрлым жоғары болады және экономикалық факторлар әділетсіз
бөлінеді. Сондықтан бірігуді шектейтін, капиталды шамадан тыс шоғырландыруға
кедергі келтіретін заңнамалық нормалар қабылданады. Олигархиялық құрылымдардың
өсуіне жол бермейтін ашықтық нормасы болады және бұл қағида барлық
корпорациялар үшін нормаға айналады.
Шетелдік жеке меншік шектеулі болады, ал кейбір салаларда ұлттық
қауіпсіздік мүддесі үшін мүлдем алынып тасталады. Мемлекет шетелдік капиталдың
экономикаға қатысуының қатаң нормалары мен ережелерін белгілейді, сатып алу - сату
операцияларын және капиталға меншік концентрациясының мөлшерін бақылауды
күшейтеді.
Құрылымдық саясаттың іріктелген шаралар жүйесі өңірлердің экономикасын
қайта құрылымдауды қолдауға бағытталады.
Ірі көпұлтты корпорациялар бас және еншілес компаниялар арасындағы қаржылық
ресурстардың ішкі ағындарымен ұлттық экономика ауқымында ресурстардың нарықтық
бөлінуіне айтарлықтай әсер етеді. Ұлттық шекараны кесіп өтетін фирмааралық
төлемдер мен қаржы аударымдары Қазақстанның резиденттері болып табылатын
еншілес компаниялардың ресурстық әлеуетін қысқартады немесе ұлғайтады, тиісінше
елдің сыртқы берешегін қысқартады немесе ұлғайтады. Аталған тәуекелдерді
назарға ала отырып, Қазақстанның даму мүддесі үшін көпұлтты корпорациялармен
экономикалық қатынастар жүйесі құрылатын болады. Макропруденциалдық реттеу
күшейтіледі.
Мемлекет шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару жұмыстарын
жандандырады. Көлеңкелі экономиканың ауқымы ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін
төмендейді.
Ауыл шаруашылығын дамыту. Ауыл шаруашылығы – стратегиялық маңызды сала.
Еңбекке қабілетті халықтың 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Ауыл
шаруашылығының дамуы ауылдардың дамуымен тікелей байланысты. Сонымен қатар,
ауыл шаруашылығы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Сондықтан
ауыл шаруашылығы жоспарларға сәйкес дамуы тиіс. Ауыл шаруашылығын дамытудың
салалық және өңірлік жоспарлары түпкілікті өнім мен ресурстар, оның ішінде
еңбек ресурстары бойынша теңгерімделетін болады.
Ауыл халқының жұмыспен қамтылуын және лайықты табыстарын қамтамасыз ету,
сондай-ақ ауылдық тауар өндірушілерді қорғау мақсатында ішкі нарықты ауыл
шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік тауарларының импортынан қорғау шаралары
күшейтіледі. Мемлекеттік сатып алу және экспорттық баждар жүйесі ауыл
шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларын дамыту стратегиясымен
байланыстырылатын болады.
Ауылдық тауар өндірушілерді капиталдандыру, ауыл шаруашылығы кооперациясын,
сондай-ақ өнімді қайта өңдеу, сақтау және өткізу инфрақұрылымдарын дамыту
мемлекеттік қолдауға ие болады.
8. СЫРТҚЫ САЯСАТ
Қазақстан Республикасы әртүрлі одақтарға экономикалық тұрғыда тәуелді
болмай, сауда серіктестерін еркін таңдап және олармен өзара тиімді экономикалық
қатынастар құра отырып, сыртқы саудадан пайда көруі тиіс. Үкімет өзара сауданы кеңейтудің
жаңа мүмкіндіктерін іздейді, жаңа өңірлік сауда келісімдеріне қатысады, үшінші
елдермен сыртқы сауда байланыстарын, әсіресе жоғары қайта бөлу өнімдерінің
саудасын дамытады және кеңейтеді. Сыртқы сауданың ең тиімді форматы – өзара
сауда туралы екіжақты келісім. Екіжақты келісімдер сауда серіктестерімен жан-жақты
тексерілген экономикалық қатынастар құруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдарда, оның ішінде интеграциялық
бірлестіктерде тек жұмсақ интеграция форматында, яғни мемлекеттен тыс
институттарды құрмай және толық экономикалық әрі саяси егемендікті сақтай
отырып қатысады. Елдің саяси және экономикалық егемендігіне жасырын қауіптерді
анықтау үшін халықаралық келісімдер мен интеграциялық бірлестіктерге қатысу
шарттарына тексеру жүргізілетін болады.