Ұлттық валюта күніне және қаржыгер күніне жоспарланған іс-шаралар аясында 2023 жылғы 15 қарашада Астана Халықаралық университетінің "Қаржы" ББ бірінші курс студенттері ЭЖМ оқытушысы Г.А. Қадырованың жетекшілігімен ҚР Ұлттық Банкінің Орталық филиалының мұражайына барды.
Экскурсия барысында студенттер ұлттық валюта – теңге, оның шығу тегі, дамуы және бірегейлігі туралы ақпарат алды. Олар бүгінде 18 дәрежелі қорғанысқа ие қазақстандық теңге әлемдегі ең қорғалған валюталардың қатарына кіретінін білді. Сонымен қатар, Қазақстан Ұлттық Банкі филиалдарының кассалары бағалы металдардан – алтын мен күмістен жасалған инвестициялық монеталарды сатуды жүзеге асырады.
Биыл қазақстандық теңге өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Атаулы күнге орай Қазақстан Ұлттық Банкі ақбөкен, ирбис, бүркіт, төбет және тазы бейнеленген жаңа банкноттарды, сондай-ақ "Көрнекті оқиғалар мен адамдар" монеталар сериясынан TEŃGEGE 30 JYL коллекциялық монеталарын айналымға шығарды.