2022 жылғы 22 қарашада «Тұрақты дамуға жәрдемдесу орталығы» қоғамдық қоры мен Астана халықаралық университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

2022 ж. 27 жел., сс, 08:45

Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің бастамасымен 2022 жылдың 22 қарашасында «Тұрақты дамуға жәрдемдесу орталығы» қоғамдық қоры мен Астана халықаралық университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар Coca-Cola қорының қолдауымен құрылған PlastNet пластикті жинау және қайта өңдеу желісі аясында ынтымақтастықты нығайтуға келісті.

26 желтоқсанда университетте PlastNet өкілі Алена Севериненко және «ВТС Астана 2» басшысы Мырзахмет Малдыбековпен серіктестік аясындағы алғашқы жұмыс кездесуі өтті. Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің деканы Айнұр Сейтқан қонақтарды университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің қатты тұрмыстық қалдықтармен қоршаған ортаны ластау мәселесіне назарын аудару, тұтынуға саналы да жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырды.

Ынтымақтастық аясында Plastnet университетке қалдық материалдарды жинауға арналған арнайы эко- жәшіктерді жеткізіп берді. Сондай-ақ «ВТС Астана 2» компаниясы жиналған қайталама шикізатты университет аумағынан жинап, әрі қарай қайта өңдейтіндігі туралы келісімге қол жеткізілді.

Осылайша, Астана халықаралық университеті өз аумағында қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізген Астанадағы алғашқы университет болатын болды және бұл университеттің елордамыздың тұрақты дамуына қосқан елеулі үлесі!


976