AIU kids

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АСТАНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАЛАЛАР УНИВЕРСИТЕТІ ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕ

ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1.1. Балалар университеті (бұдан әрі – Балалар университеті) – бұл 10-14 жас аралығындағы балаларға арналған білім беру жобасы. Ол тұлғаның қабілеттері мен мүмкіндіктерін ашуға бағытталған, жалпы білім берудің қосымша (ашық мектептік) бағдарламаларын жүзеге асырады және оқушыларды болашақта ғылыми және инженерлік қызметті таңдауға бағыттайды. Балалар университеті туралы ереже «Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 19.02.2019 ж. № 81 бұйрығына («Қазақстан Республикасында балаларға қосымша білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері»), Еуропалық балалар университеттері желісінің EUCUNET «Phereclos: white book on open schooling: a reference guide» (2022 ж.) ұсынымдарына және AIU Жарғысына сәйкес әзірленген және Балалар университетінің ұйымдастырылу тәртібін айқындайды.

Балалар университетінде қосымша білім беру бағдарламалары бойынша оқитындар Балалар университетінің тыңдаушылары болып саналады.

Балалар университетінің білім алушысының заңды өкілі – оның ата-анасы немесе қамқоршысы.

БАЛАЛАР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МАҚСАТТАРЫ, МІНДЕТТЕРІ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТТЕРІ

Балалар университетінің мақсаттары:

  • Баланың жан-жақты дамуы үшін университеттік ортада барынша мүмкіндіктер жасау;
  • Дарынды балалармен және талантты жастармен жүйелі жұмыс жүргізу;
  • Жалпы білім беретін мектептер, жоғары оқу орындары, Астана қаласының серіктес кәсіпорындары мен Еуропалық балалар университеттері желісі EUCUNET арасындағы өзара әрекеттестікті кеңейту.

Балалар университетінің негізгі міндеттері:

🔹 Оқушы тұлғасының жан-жақты дамуы саласында:

  • Білім алуға, шығармашылыққа және ғылыми қызметке деген ынтаны дамыту;
  • Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес қабілеттерін барынша ашу;
  • Балалардың шығармашылық қабілеттерін, қиялы мен креативті ойлауын дамыту;
  • Мәдени базаны, дербес ойлауды және ғылыми дүниетанымды қалыптастыру.

🔹 Дарынды балалармен жұмыс жүйесін қалыптастыру саласында:

  • Ерекше қабілетті оқушыларды анықтау және қолдау;
  • Дарынды балалардың дамуына жағдай жасау және оларды күрделілігі жоғары деңгейдегі бағдарламалармен қамтамасыз ету.

🔹 Мектеп-ЖОО-кәсіпорын және халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттестікті кеңейту саласында:

  • Балалар университетінің білім беру бағдарламасы аясында мектеп, университет және кәсіпорын арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру;
  • Еуропалық балалар университеттері желісі EUCUNET-пен халықаралық ынтымақтастық орнату.

Балалар университетінің негізгі қызметтері:

  • 10-14 жас аралығындағы балаларға арналған ашық мектептік (қосымша) білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша білім беру ұйымдары, қалалық және халықаралық серіктестермен ынтымақтастық орнату;
  • Табиғи-ғылыми бағыттағы көпдеңгейлі және көпнұсқалы қосымша білім беру жүйесін қалыптастыру;
  • Балалардың шығармашылық және оқу жетістіктерін тұрақты бақылау жүргізу;
  • Ғылыми білімді насихаттау және эксперименттік, көрнекі, интерактивті, жаппай қатысуға негізделген түпнұсқа оқыту әдістерін әзірлеу;
  • Ата-аналарға арналған түрлі ұйымдастырушылық іс-шаралар өткізу: дәрістер, кездесулер, конференциялар, жеке консультациялар, іскерлік ойындар;
  • Ашық білім беру саласындағы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру мақсатында сауалнамалар мен сұхбаттар өткізу.