AIU студенті Польшада оқуын сәтті аяқтады

2025 ж. 11 нау., сс, 10:06

Astana International University «Химия пәні мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша 2-курс студенті Шамшит Айша академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Адам Мицкевич атындағы Университетте (Познань, Польша) білім алып, құнды халықаралық тәжірибе жинады.

🔹 Жаңа білім мен тәжірибе
Еуропаның жетекші университеттерінің бірінде оқу Айша үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Адам Мицкевич атындағы университеттің кең кітапханалары, заманауи зертханалары мен педагогикалық орталықтары студенттердің кәсіби дамуына және терең білім алуына қолайлы жағдай жасады.

«Сабақтар ағылшын тілінде өтті, бұл менің тіл деңгейімді жақсартып қана қоймай, халықаралық академиялық ортада өзімді сенімді сезінуге көмектесті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттермен бірге оқу жаңа идеялармен алмасуға және мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді», – деп бөлісті Айша.

🔹 Білім ғана емес, мәдени алмасу
Айша оқу барысында Польша мәдениетімен де жақын танысып, Познань қаласының тарихи орындары мен сәулет өнері ескерткіштерін аралады. Сонымен қатар, университет ұйымдастырған түрлі іс-шараларға, ғылыми конференцияларға және мәдени кездесулерге белсенді қатысты.

🔹 Академиялық ұтқырлық – табысқа бастар жол
Халықаралық алмасу бағдарламалары AIU студенттеріне сапалы білім алуға, жаңа оқыту әдістерін меңгеруге және кәсіби біліктілігін арттыруға бірегей мүмкіндік береді. Айшаның айтуынша, бұл тәжірибе оның болашақ мансабы үшін маңызды қадам болды, және ол өз курстастарын осындай мүмкіндікті пайдалануға шақырады.

🌍 AIU халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, студенттерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып, олардың жаһандық деңгейде білім алуына жағдай жасауда.


600