AIU-да германиялық ғалымдармен кездесу өтті





















Бүгін Астана халықаралық университетінде Германияның Рейн-Вааль қолданбалы ғылымдар университетінің профессорлары Штеффи Видеманн және Маттиас Кляйнкемен кездесу өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – екі университеттің ғылыми бағыттарымен танысып, ортақ зерттеу тақырыптарын анықтау және алдағы уақытта бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру.
Штеффи Видеманн ауыл шаруашылығы жануарларын өсіру бағытында зерттеу жүргізеді. Ал Маттиас Кляйнкенің ғылыми жұмысы экологиялық инженерия, агротехнологиялар мен ресурстарды тиімді пайдалану және өндірістік жүйенің мәселелерін қамтиды.
Жиын барысында климат өзгерісіне бейімделген тұрақты ауыл шаруашылығы жүйесіне назар аударылды. Атап айтқанда, су ресурстарын тиімді пайдалану, топырақ пен өсімдік жамылғысын сақтау, мал азығы базасын жақсарту тақырыптары сөз болды.
AIU ғалымдары топырақ эрозиясына қарсы тәжірибелерді цифрландыруға бағытталған AR26100353 ұлттық жобасын таныстырды. Мұнда жер бедерінің цифрлық модельдері, географиялық ақпараттық жүйелер, спутниктік деректер мен дрон арқылы түсіру технологияларына басымдық берілген. Бұдан бөлек университеттің ботаникалық, геоботаникалық, микробиологиялық және молекулалық-биологиялық зерттеу мүмкіндіктері туралы да түрлі ақпарат айтылды.
Ғалымдар Германияның зерттеулер қауымдастығының DFG Initiation of International Collaborations бағдарламасы аясында бірлескен семинарлар, ғылыми сапарлар және екіжақты кездесулер ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ болашақ ғылыми өтінімнің құрылымы, зерттеу міндеттері және алдағы жұмыс кезеңдері жоспарланды. Мұндай кездесу келешекте екі университет ғалымдарына ортақ зерттеу тақырыбын бекітуге, сондай-ақ климатқа төзімді ауыл шаруашылығы жүйелерін дамытуға мүмкіндік береді.
Бөлісу:
Фотогалерея









