AIU басшылығы Қытайдың халықаралық сауданы ілгерілету комитеті және Қытай кәсіпкерлері қауымдастығымен стратегиялық кездесу өткізді















Астанада Қытайдың халықаралық сауданы ілгерілету комитетінің (CCPIT) Қазақстан Республикасындағы өкілдігі алаңында Астана Халықаралық университеті басшылығы CCPIT және «Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлерінің бас қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен стратегиялық кездесу өткізді.
Астана Халықаралық университеті Президенті Серік Ирсалиев бастаған делегация құрамында университеттің Халықаралық ынтымақтастық және цифрландыру жөніндегі проректоры Қайрат Абдрахманов, AIU Эндаумент-қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Фархад Қуанғанов және «Азия-Еуропа» Жаңа құрлықтық-теңіз көлік дәлізі ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрәлі Ирсалиев болды. Ал Қытай делегациясын Қытайдың халықаралық сауданы ілгерілету комитетінің Қазақстан Республикасындағы Бас өкілі әрі Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлері бас қауымдастығының жетекшісі Лю Юэ ханым бастап келді. Стратегиялық кездесудің басты тақырыбы «Қазақстан-Қытай бірлескен университетін» құру жобасы мен білім, ғылым мен өндірісті интеграциялауға қатысты мәселелер болды.
Келіссөз барысында Астана Халықаралық университеті Президенті Серік Ирсалиев қазір Қазақстанда Қытай капиталы бар 7,5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті. Осыған байланысты кәсібилікпен қатар техникалық қазақ, қытай, орыс тілдерін еркін меңгерген мамандарға, оның ішінде инженерлер мен құрылысшыларға, логистерге және IT-кадрларға деген қажеттілік артқанын жеткізді. Сонымен қатар, Астана Халықаралық университеті базасында Бейжің Тіл және Мәдениет Университетінің филиалы (BLCU) табысты іске қосылғанын назарға алып, ынтымақтастық бағытын кеңейтуді және базалық тілдік дайындықтан бизнестің нақты кадрлық сұраныстарына бағытталған бірлескен қолданбалы колледждер құру бастамасын ұсынды.
Өз кезегінде Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлері бас қауымдастығының жетекшісі Лю Юэ ханым мен Қытай бизнесінің өкілдері бұл бастаманы толық қолдады. Олар жергілікті білікті мамандардың тапшылығы жобалардың өзіндік құнын төмендетіп, бизнесті дамытуға кедергі келтіретінін растады. Қытай тарапы мақсатты кадрлар даярлауды ұйымдастыру үшін Қазақстанның білім беру секторы мен ҚХР компаниялары арасында алтын көпір болуға дайын екенін айтты.
Келіссөз аясында бірлескен бағдарламаларды қаржыландыру механизмдеріне де ерекше назар аударылды. AIU Эндаумент-қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Фархад Қуанғанов университеттің мақсатты капиталының мүмкіндіктерін таныстырып, инвестор компанияларға корпоративтік табыс салығы бойынша 100 пайыздық шегерім алуға мүмкіндік беретін ҚР жаңа заңнамалық нормаларын егжей-тегжейлі түсіндірді. Нақтылап айтсақ, қорға инвестиция салу кезінде салымның негізгі сомасы сақталып, мәңгілік капитал ретінде жұмыс істейді, ал білім беру жобаларына тек инвестициялық кіріс бағытталады. Сондықтан бұл корпоративтік сектор үшін өте тиімді құрал болып табылады.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар бірқатар нақты іс-шараларды белгіледі. Нәтижесінде, күз мезгілінде қытайлық кәсіпкерлер мен академиялық орта өкілдерінің басын қосатын бірлескен форум өткізу туралы келісім жасалды. Бұдан бөлек, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында Халықаралық бизнес және экономика университетінің (UIBE) Түлектер қауымдастығын құру мүмкіндігі талқыланды.
Кездесу соңында Астана Халықаралық университеті делегациясы қытайлық әріптестерін жақында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев университетке сыйға тартқан Конфуций мен Әл-Фарабидің ескерткіші – «Ұлы ойшылдардың сұхбаты» монументінің салтанатты ашылуына шақырды. Сонымен қатар, тараптар бұл келіссөздің келешекте ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың берік іргетасын қалайтынына сенім білдірді.
Бөлісу:
Фотогалерея







