Халықаралық медиацияны дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті









2026 жылға арналған AP26100031 ИРН «Халықаралық медиациялық хаб бейбіт жолмен жанжалдарды шешу және ядролық қарусыздандыру құралы ретінде: Қазақстан мен шетел мемлекеттерінің тәжірибесі» ғылыми жобасын іске асыру жөніндегі Күнтізбелік жоспардың 17-тармағын орындау мақсатында ғылыми-зерттеу тобының мүшелері Парламентаризм институтымен бірлесіп «Халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы медиацияның рөлі: ядролық қарусыздануға бастар жол» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шара Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының қабылданғанына 15 жыл толуына және Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының, Республикалық медиация кеңесінің, Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің, «Қоғамдық келісім» РММ-нің, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің, Astana International University өкілдері, сондай-ақ кәсіби медиаторлар қауымдастығының мүшелері мен шетелдік сарапшылар қатысты.
Дөңгелек үстелдің модераторы, PhD, ғылыми жобаның жетекшісі Шолпан Саймова іс-шараны аша отырып, медиацияның превентивтік дипломатияны дамытудағы, жанжалдардың алдын алудағы және өзара сенімді нығайтудағы пәрменді тетік ретіндегі маңызының артып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ өз баяндамасында ол ұлттық және халықаралық деңгейлерде дауларды бейбіт жолмен реттеудің заманауи тетіктерін дамытуға бағытталған ғылыми, құқықтық және практикалық әлеуетті біріктіретін Халықаралық медиациялық хабтың тұжырымдамасын таныстырды.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын Самара облысындағы «Медиатор» өзін-өзі реттейтін ұйымы қауымдастығының басшысы, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, медиатор-тренер, КЦСОН медиаторларының тәлімгері Людмила Викторовна Орлованың баяндамасы тудырды. Ол медиацияның жанжалдарды бейбіт жолмен шешудің тиімді тетігі, сындарлы диалог мәдениетін қалыптастыру мен қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды құралы ретіндегі рөлінің артып келе жатқанына назар аударып, медиация институтын одан әрі жетілдірудің, медиаторлардың кәсіби даярлығын арттырудың және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасында және шетел мемлекеттерінде медиация институтын дамыту мәселелері, этномедиация тетіктерін қолдану тәжірибесі, жанжалдарды реттеудің құқықтық, ұйымдастырушылық және психологиялық тәсілдерін жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік басқару мен халықаралық практикада заманауи медиациялық технологияларды пайдалану мәселелері талқыланды.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстанның бітімгерлік қызмет, этносаралық келісімді нығайту және жаһандық ядролық қарусыздану күн тәртібін ілгерілету салаларында жинақтаған мол тәжірибесі халықаралық медиацияны одан әрі дамытуға, превентивтік дипломатияның тиімді тетіктерін қалыптастыруға және сенім дипломатиясын нығайтуға берік негіз қалайтынын атап өтті.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ғылыми-сарапшылық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, кәсіби медиация институтын жетілдіруге, халықаралық әріптестікті дамытуға, сондай-ақ жанжалдардың алдын алу мен оларды бейбіт жолмен реттеудің заманауи тетіктерін енгізуге бағытталған ұсынымдар әзірленді.
Бөлісу:
Фотогалерея





