Astana International University-де белгілі ғалым Бижан Игенбаевамен кездесу өтті









2026 жылғы 12 маусымда Astana International University Педагогикалық
институтында педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, балалар
жазушысы, «Құрмет» орденінің иегері, Ұлттық құндылықтар академиясының
академигі Бижан Құрманғалиқызы Игенбаевамен тағылымды кездесу өтті.
Іс-шара барысында ғалым «Білім берудің мазмұндық сабақтастығын
іске асырудың педагогикалық шарттары» тақырыбында мазмұнды баяндама
жасап, білім беру жүйесіндегі сабақтастықтың маңызы мен оны жүзеге
асырудың тиімді жолдарына тоқталды. Өз сөзінде Бижан Құрманғалиқызы
білім беру деңгейлері арасындағы мазмұндық байланысты нығайту, оқу
мақсаттарының жүйелілігін қамтамасыз ету, тұлғаның үздіксіз дамуына
жағдай жасау және педагогтің осы үдерістегі рөлі туралы құнды пікірлерімен
бөлісті.
Кездесу барысында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудан бастап
жоғары білім беру деңгейіне дейінгі сабақтастықты қамтамасыз ету
мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды
білім беру мазмұнына енгізу, заманауи педагогикалық технологияларды
қолдану және білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып оқыту
үдерісін ұйымдастырудың өзекті мәселелері қарастырылды.
Шара ашық сұхбат және пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар
ғалымға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, білім беру саласындағы
ғылыми-әдістемелік бағыттар бойынша ой бөлісті. Кездесуге институт
басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, білім беру бағдарламаларының
жетекшілері мен магистранттар қатысты.
Мұндай кездесулер білім беру саласындағы өзекті мәселелерді
талқылауға, тәжірибе алмасуға және болашақ педагогтердің кәсіби дамуына
ықпал ететін маңызды алаң болып табылады.
Бөлісу:
Фотогалерея





