2026 жылдың 12 ақпаны күні Астана халықаралық
университеті Педагогикалық институты Қазақ тілі мен әдебиеті
мамандығының «Сырлы сөз» үйірмесі (үйірме жетекшісі: ф.ғ.к.,
доцент Резуанова Г.К.) асқаралы, жүрегі отты, асқақ рухты нар
тұлға, қазақ халқының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың
туғанына 95 жыл толуына орай Мұқағали рухына тағзым етіп,
«Поэзия, менімен егіз бе едің?!» әдеби-шығармашылық кеш өткізді.
Кеште Мұқағали Мақатаев өмірінен бейнебаян және «Мұқағали.
Бұл ғасырдан емеспін...» деген фильмнен үзінді көрсетіліп, қазақ
тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, биология мамандығының
білім алушылары ақынның өлеңдерін оқыды, оның сөзіне жазылған
әндер шырқалды. Сондай-ақ, Астана халықаралық университетінің
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттері Кусаинова
Дильназ, Алдебек Дәурен, Қабден Ақбота, Сембаев Ілияс ақынға
арнаған өлеңдерін оқыды. «Мұқағалиға өлең арнау — ақындық
міндет қана емес, рух алдындағы парыз. Қазақ поэзиясының
көкжиегін кеңейтіп, өлеңге адам жанының бар тереңін сыйдырған
мұндай ұлы тұлғаны жырламау – сөз өнеріне адал болмаумен тең»,
- дейді олар. Бұл кеште оқылған әрбір өлең – жай ғана өлең оқу
емес, ұлы рухпен сырласу, поэзия алдындағы шынайы тағзым
болды.

