Астана халықаралық университетінде бірінші курс студенттерін қабылдау кеші өтті

2025 ж. 24 қар., дс, 13:38

Астана қаласындағы Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда Астана халықаралық университетінің жаңа оқу жылына арналған «SQQ Party - 2025» салтанатты қабылдау кеші ұйымдастырылды. Ерекше форматта өткен шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және шақырылған қонақтар қатысты.

Кеш басталғанда арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, «Дудар-ай» музыкалық композициясы мерекелік ахуал қалыптастырды. Шараны жүргізген Ерасыл Жұмағалиев пен Ескендір Қимаш көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Салтанатты жиынды Астана халықаралық университетінің вице-президенті Қайрат Амангелдіұлы Абдрахманов ашып, білім ордасына қабылданған бірінші курс студенттерін құттықтады. Ол өз сөзінде білім жолындағы табандылықтың, жауапкершіліктің және ізденістің маңызын атап өтті.

Іс-шара барысында университеттің жеті жоғары мектебінің студенттері «Z буынының өзгерісі» тақырыбында 7 минуттық мюзикл-көріністер ұсынып, өз шығармашылық әлеуетін көрсетті. Байқауды бағалаған қазылар алқасының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері және университет басшылығы болды.

Кеш барысында AIU өнер ұжымдары да сахна төрінде өнер көрсетті. Ұлттық дәстүрді дәріптейтін «Аманат» ансамблі, «Бегім-ай» би тобы, сондай-ақ «AIU Tunes», «Dancing High», «Sheker Jaidarman» және «Ozge» театры жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Кеш қорытындысында үздік деп танылған жоғары мектептер марапатталды. Гран при - Жоғары құқық мектебіне, І орын - Педагогика институтына, ІІ орын - Ақпараттық технологиялар және инженерия жоғары мектебіне, ІІІ орын - Экономика жоғары мектебіне бұйырды. Сонымен қатар өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі, жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі және BLCU белсенді қатысқаны үшін арнайы марапатталды. Кеш соңында студенттерге арналған музыкалық сый ретінде белгілі әнші Қуандық Рахым өнер көрсетті.

AIU-да дәстүрге айналған мұндай шаралар жастардың жаңа ортаға бейімделуіне, шығармашылық қабілетін ашуға және білім мен өнердің құндылығын насихаттауға бағытталған. Биылғы қабылдау кеші - жас талапкерлердің студенттік өмірге жасаған маңызды қадамы, ал университет үшін болашақ мамандарды тәрбиелеудегі тағы бір жарқын кезең болды.

 


1111