AIU-да «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» семинары

2024 ж. 12 жел., бс, 07:21

2024 жылғы 6 желтоқсанда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен AIU арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» тақырыбына арналған арнайы семинар өтті. Семинарға AIU Педагогикалық институтының студенттері қатысты.

Семинарды аға ғылыми қызметкер Айжан Мағауияқызы жүргізіп, ол «Тәрбие үштағанының идеологемалары. Тәрбие парадигмасын жаңарту» тақырыбындағы негізгі мәселелерді талқылады. Бұл баяндаманың мазмұны Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық құрылтайда айтқан ойларына негізделді. Іс-шара барысында жастар тәрбиесінің негізгі бағыттары қарастырылып, қазіргі білім беру мекемелеріне тәрбие парадигмасын жаңартудың жолдары ұсынылды.

Іс-шарада әлеуметтік жобалар мен бастамалар кеңінен талқыланды. Айжан Мағауияқызы перспективалы идеяларды ұсынып, оларды жүзеге асыру бойынша практикалық ұсыныстар берді.

Семинардың ерекше сәттерінің бірі – «Көңілді стикер» атты интерактивті ойын болды. Қатысушылар стикерлерге жылы лебіздері мен жақсы тілектерін жазып, оларды айналадағыларға беріп отырды. Бұл ерекше формат студенттер арасында достық атмосфераны қалыптастырып, ұжымдық рухты нығайтуға ықпал етті.

Семинар тәжірибе алмасу мен студенттердің кәсіби дамуы үшін маңызды алаңға айналды. Мұндай бастамалар білім беру мекемелерінің ынтымақтастығын күшейтіп, тәрбиелік қызметке заманауи тәсілдерді енгізуге ықпал етеді.


480