«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», - деп хакім Абай атамыз айтқандай, ұстаздық жолды
ұстанған мұғалім – даналықтың бағбаны. Иә, шынында да, жалығуды білмейтін, үйретуден
тынбайтын, тыңдаудан шаршамайтын ұстаздар қауымының арқалайтын жүгі өте ауыр.
Өйткені олар, ең алдымен, бала жанының бағбаны. Бұл — үлкен
жауапкершілікті ұлы іс.
Бүгін Астана халықаралық университетінде Ұстаздар күніне арналған
мерекелік шара өтті. Бұл күні оқытушылар мен білім беру қызметкерлері бір-біріне
ақ тілектерін арнап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Мерекелік
кеш «Аманат» ансамблінің орындауындағы «Алаш аманаты» күйімен басталып,
жүректерді тербетті. Университет Президенті Ирсалиев Серик Азтаевич
құттықтау сөзін сөйлеп, ұстаздардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Оқу ордамыздың үздік
білім қызметкерлері мен оқытушылар алғыс хаттармен марапатталып, үлкен құрметке ие болды.
Мерекенің
әр минуты шығармашылыққа, қуанышқа толды. Іс-шара барысында студенттер
мен оқытушылар бірігіп әуезді
әндер шырқап, «Дэнси хай» би тобы өнер
көрсетті.
Ұстаздар күні – білім мен
даналықтың мерекесі, ал осындай мерекелік шаралар оқытушылардың еңбегін
бағалап, олардың қоғамдағы орнын нығайтады. Біздің оқытушылар – білімнің тұтқасы, елдің болашағы үшін
жауапты, әрбір шәкіртіне жарқын жол сілтейтін жандар.
Бұл кеш
тек білім мен ұстаздық туралы айтылған құрмет емес, ол – білім алушылар мен
білім берушілер арасындағы байланысты нығайтып, достық пен ынтымақтастықтың
символы болды. Мереке бәріміз үшін рухани азыққа, шабытқа толы сәттер мен жылы
естеліктерге айналды.