2024 жылдың 23-27 қыркүйек күндері аралығында Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі дәстүр бойынша Туризм апталығын өткізді. Апталық туризм бойынша кітаптар көрмесінен басталды, «Ұлы дала скауттары» ҚБ жаттықтырушылары туризмнің белсенді түрлері бойынша өздерінің шеберлік класстарын өткізді, сондай-ақ «Райс тревел» ЖШС жетекшісі Раушан Мамаева авторлық туристік бағыттарды құрастыру жөнінде дәрісін өткізді. 26 қыркүйекте студенттер профессор Орденбек Мазбаевтың Антарктидаға саяхаты туралы дәрісін тыңдады.
Туризм апталығы аясында студенттер арасында «Эрудит» конкурсы, Астана жайлы видеороликтер конкурсы және географиялық білімдерін бойынша интеллектуалды топтық ойын өткізілді.
27 қыркүйекте «Әлем халықтарының тағамдары» қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды, студенттер елдердің алуан түрлі тағамдарымен қоса мәдени ерекшеліктерін айтып, ұлттық киімдері мен геральдикасын көрсетті. Студенттердің шешімімен жиналған ақша Астана қ. балалар үйіне беріледі.
Апталықтың қорытындысы 27 қыркүйек – Халықаралық туризм күнінде салтанатты кеш түрінде өтті. Жеңімпаздарға дипломдар және құнды сыйлықтар табысталды. "Үздік мобилограф" - Тұрар Аружан, "географ-эрудит" болып Махмет Ақтілек атанды. Интеллектуалды ойынның қорытындысы бойынша жылдан-жылға берілетін "Жеңімпаз кубогы" РГиТ-24 В тобының «Гүлжан» командасына бұйырды. Ал барлық белсенді студенттер грамота және алғыс хаттармен марапатталды.
Туризм апталығы жарқын оқиғаларға және ғалымдар мен практиктердің қатысуымен өткен танымдық кездесулерге толы болды. Бұл шаралар студенттердің кәсіби дамуына ғана емес, сондай-ақ бір-бірімен жақын танысып, достасуына да септігін тигізді. Кешті бимен көркемдеген бишілер @ansambl_danira тобына алғыс айтамыз!