6В01504 География мамандығының 1 курс студенттері 2024 жылдың 25 мамыры мен 4 маусым аралығында Педагогикалық институт оқытушылары Самарханов Т.Н., Сагынбаева А.Б., жетекшілігімен оқу-далалық практикасын Абай облысы, Семей, Өскемен қалалары, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында өткізді.

2024 ж. 1 шіл., дс, 07:04

6В01504 География мамандығының 1 курс студенттері 2024 жылдың 25 мамыры мен 4 маусым аралығында Педагогикалық институт оқытушылары Самарханов Т.Н., Сагынбаева А.Б., жетекшілігімен оқу-далалық практикасын Абай облысы, Семей, Өскемен қалалары, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында өткізді. Жыл бойы алған теориялық білімдерін практика жүзінде нығайтты. Туристік-рекреациялық нысандарды, тарихи-мәдени ескерткіштерді, киелі жерлерді көздерімен көріп, табиғат аясында оқыған пәндері бойынша далалық зерттеу әдістерін меңгеріп келді. Студенттер саяхатты Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі, Полковничий аралы, Невзоровтар отбасы мұражайынан бастап, Күшікбай батыр бұлағы мен асуы, Сырт Қасқабұлақ, Ералы жазығы, Еңлік-Кебек кесенесі, Абайдың Жидебайдағы музей үйі, Абай-Шәкәрім мемориалдық кешені, Бөрілідегі М.Әуезовтың музей үйі сынды ұлылар мекенінің тарихы мен тарихи-мәдени мұралардың тарихымен танысып, толыққанды ақпарат алды. Өскемен қаласында ҚР мемлекеттік рәміздері тауына шығып, Ертіс пен Үлбі өзендерінің қосылатын жерін көріп географиялық маңызын білді.  Катонқарағай ауданы, Еңбек ауылынан өтіп Патшалар жазығындағы аспан асты музейі Берел мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейін, тұмса табиғат аясындағы тарихи ескерткіштерді көздерімен көрді. Еңбек ауылы маңы Бұқтырма өзені бойында шатыр тігіп орналасып, өздерінің далалық жұмыстарын жасады. Студенттер орналасқан жерлерінің өсімдігін зерттеп, талдап, санын, түрін анықтап гербарий жинақтады. Топқа бөлініп жергілікті жердің нысандарын қағаз бетіне түсіріп топографиялық картасын жасады.  Оңтүстік Алтай тауының Сарымсақты жотасының солтүстік беткейі бағыты бойынша жүріп, 1600 м биіктікке шығып, жетекшілер берген тапсырманы орындап, өсімдік жамылғысымен танысты. Топырақтану пәні бойынша өткен теориялық білімдерін практикамен ұштастырып топырақ қимасын түсіріп, әр қабатын өлшеп, топырақ үлгілерін алып морфологиялық белгілерін анықтады. Қазақстанның әр аймағынан келген студенттер әр түрлі жер бедерлерін көздерімен көріп, күндерін сәтті өткізді! Тәжірибенің негізгі мақсатына сәйкес студенттер аймақтың табиғат компоненттері мен географиялық ерекшеліктеріне сипатама бере отырып, теориялық білімдерін, географиялық құбылыстар мен үрдістерді бақылау дағдыларын бекітті, табиғи далалық зерттеулер әдістерін меңгерді, географиялық ойлау қабілетін арттырды, далалық материалдарды камералық өңдеу дағдыларын жетілдірді, негізгі табиғат кешендері арасындағы өзара байланысты анықтауды және анализдеуді үйренді. Сонымен қатар, тәжірибенің мәдени, рухани – тәрбиелік маңызы зор. Студенттер уақытты үнемді пайдалануды, уақыттарын дұрыс ұйымдастырып, берілген тапсырма мен алға қойған мақсаттарын орындауды үйренді.

Студенттеріміз бұл практикадан әсерлі күндерін өткізіп, керемет сезіммен оралды. Біліммен қатар рухани және мәдени құндылықтарды, естен кетпес күндерін өткізуге мүмкіндік берген Астана халықаралық университетінің басшылығына алғысымызды білдіреміз. 



1027