Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі «Мансап күні» аясында Республикалық ветеринариялық зертхананың Астана облыстық филиалына экскурсия ұйымдастырды. Студенттер қауымдастырылған профессор Ж.А. Адамжанова және қауымдастырылған профессор м.а. М.Ж. Жумагулмен бірге келесі зертханаларды аралады: «Жануарлар ауруларының диагностикасы зертханасын» - меңгерушісі Тулегенова Г.Н., «Азық-түлік қауіпсіздігі» – меңгерушісі Бекешова Ж.Б. және үлгілер мен ақпараттарды қабылдау бөлімін – меңгерушісі Сугиралиева Л.М.
Астана облыстық филиалының директоры – Г.О.Алимжанова студенттерді кәсіпорын қызметімен таныстырып, өз мекемесінде жүргізіліп жатқан ағымдағы жобалар мен тәжірибелер туралы айтып берді.
Кәсіпорынның қызметі жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша еліміздің эпизоотиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Компания білікті мамандармен және заманауи жалпы зертханалық және аналитикалық жабдықтармен диагностикалық зерттеулерге мемлекеттік тапсырыстар мен қызметтерді орындайды. Айта кетерлігі, ЖҒЖМ студенттері жыл сайын осы кәсіпорын базасында тәжірибелік сабақтардан өтеді және кәсіпорын қызметкерлері де бітіру жұмыстарының ғылыми жетекшісі болып табылады.
Экскурсияны ұйымдастырғаны және болашақ кәсіби қызметіміз үшін практикалық дағдыларды алуға мүмкіндік бергені үшін Республикалық ветеринариялық зертханаға алғысымызды білдіреміз.