Иранның Қазақстандағы Елшілігінің Мәдени Өкілдігі мемлекеттер арасындағы достық байланыстарды нығайтуға және өз елінің мәдени мұрасын таныстыруға бағытталған түрлі іс-шараларға бастамашылық етуде. Осындай оқиғалардың бірі - Өнер және дизайн жоғары мектебінің студенттеріне арналған каллиграфиялық, сирек кітаптар көрмесі және әйгілі ирандық каллиграфтардың шеберлік сыныбының университет қабырғасында өтуі еді.
Үстіміздегі жылдың 27 ақпанда Өнер және дизайн жоғары мектебінің деканы Саят Баймұратұлы Ыбырай және Жоғары әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар мектебінің деканы Ибраева Әйгерім Ерғалиқызы Иранның Астанадағы мәдени өкілдігіне барып, ҚР-дағы Иран елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Әли Акбар Талеби Матин мырзамен кездесті.Сапардың мақсаты – гуманитарлық зерттеулер мен өнер саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, сондай-ақ Астана халықаралық университетімен білім беру қызметі деңгейіндегі Қазақстан-Иран ынтымақтастығының жаңа перспективаларын айқындау.