2024 жылғы 23 ақпанда Астана халықаралық университетінің құқық жоғары мектебі және студенттердің істері жөніндегі департаменті Астана қаласы Прокуратурасы басқармасының прокурорлары Сәдуақас Жәңгір Райымбекұлы және Әнуаров Ғылымқожа Әбдіқаһарұлымен білім алушылардың кездесуін ұйымдастырып, өткізді.
Ғылымқожа Әбдіқаһарұлы жастардың нашақорлық мәселесі бүгінде бүкіл әлемде мәселеге айналып отырғанын атап өтті. Себебі он нашақордың тоғызы толық емделуі екіталай. Олардың көпшілігі 40 жасқа дейін өмір сүрмейді. Есірткіні қолданушылардың негізгі бөлігі 18 бен 30 жас аралығындағы жастар. Алайда, өкінішке орай, соңғы кездері есірткі қолданатындардың арасында балалар мен жасөспірімдер де бар. Сондықтан прокуратура мен құзыретті органдардың өкілдері нашақорлықтың алдын алу жөніндегі жұмысты бірінші орынға қояды.
Жәңгір Райымбекұлы өсімдік және синтетикалық есірткі заттары мен олардың қосылыстары туралы айтып берді. Сондай-ақ, есірткіні заңсыз пайдаланғаны, дайындағаны, сақтағаны, сатып алғаны, тасымалдағаны, сатқаны және жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік пен бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертті.
Прокурорлар дәрістің жеке бөлігін құмар ойындарға қатыспауға шақыруға арнады, лудомания ұзаққа созылған депрессиямен, ауыр қылмыстар жасаумен, тіпті суицидпен аяқталады. Бос уақыттарыңды жақындарыңа және жеке, оқып өсуілеріңе арнаған дұрыс екенін айтты. Сондай-ақ, студенттерге қаржылық пирамидаларға, ойынға тәуелділікке (лудомания) байланысты алаяқтық әрекеттерден қорғану шаралары туралы айтылды.
Студенттерге бейнероликтер көрсетіліп, прокурордың кәсіби тәжірибесінен нақты мысалдар келтірілді, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға толық жауап алды.
Аталған іс-шараға АХУ-нің студенттік істер жөніндегі департаментінің директоры А.Т. Тлешева, құқық жоғары мектебі деканының орынбасары Ж.Д. Сеиллханов, студенттер департаментінің менеджері К.С. Бакенова, ҚЖМ кураторы А.К. Елубекова қатысты.