Наньян технологиялық университеті Ғылым колледжінің деканы, профессор Саймон Редферннің Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясындағы Астана халықаралық университетіндегі жұмысы аяқталды. 1 ай уақыт аралығында профессор студенттерге дәрістер оқып, жас ғалымдар мен докторанттарға шеберлік сағаты мен тренинг өткізді, университеттің профессорлары мен оқытушыларына ғылыми семинарлар өткізді. Сондай-ақ, профессор «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Арман Ашкинмен және Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшілігімен кездесті. Кездесулер барысында Сингапур, Ұлыбритания және Қазақстан арасындағы ғылым және білім саласындағы екіжақты байланыстарды дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Профессор Редферн Ұлыбританияның жалпы сомасы £25 миллионнан астам болатын бірнеше ғылыми зерттеу гранттарының иегері, Кембридж университетінде және НТУ-да 30-дан астам PhD докторанттарына жетекшілік еткен және 20-дан астам постдокторлық зерттеушілердің тәлімгері және кеңесшісі болды. Ол 270-тен астам ғылыми мақала жариялаған, оның ішінде Nature, Science, Physical Review Letters, Advanced Materials, JACS сияқты беделді журналдарда (H-index 56 [ISI], 58 (Scopus), 65 [Google Scholar]). Профессор Редферн Еуропалық Минералогиялық Қоғамның Зерттеудегі үздік медалінің иегері және Ұлыбритания мен Ирландияның Минералогиялық қоғамының Макс Хей және Шлюмбергер медальдарымен бірге марапатталған жалғыз ғалым. Профессор, сонымен қатар, Американың минералогиялық қоғамының және Лондон геологиялық қоғамының мүшесі, Ұлыбританиядағы геологиялық радиоактивті қалдықтар қоймасының дамуын тәуелсіз тексеруді қамтамасыз ету міндеті жүктелген Ұлыбританияның министрлер тағайындаған Радиоактивті қалдықтарды басқару комитетінің мүшесі де қызметін атқарған.