АСТАНА ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫ ӨКІЛІНІҢ «НАШАҚОРЛЫҚ-ҚАУІПТІ ІНДЕТ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ДӘРІСІ ӨТТІ

2023 ж. 16 қар., бс, 13:03

2023 жылғы 14 қарашада Астана Халықаралық университеті студенттеріне Құқық жоғары мектебінің ұйымдастыруымен Астана қаласы Прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Тамаев Ерқанат Ермаханұлымен кездесу өткізілді. 

Ерқанат Ермаханұлы жастардың нашақорлық мәселесі бүгінде бүкіл әлемде проблемаға айналып отырғанын атап өтті. Себебі он нашақордың тоғызы толық емделуі екіталай. Олардың көпшілігі 40 жасқа дейін өмір сүрмейді. Есірткіні қолданушылардың негізгі бөлігі 18 бен 30 жас аралығындағы жастар. Алайда, өкінішке орай, соңғы кездері есірткі қолданатындардың арасында балалар мен жасөспірімдер де бар. Сондықтан прокуратура мен жастар жөніндегі құзыретті органдардың өкілдері нашақорлықтың алдын алу жөніндегі жұмысты бірінші орынға қояды.

Ерқанат Ермаханұлы өсімдік және синтетикалық есірткі заттары мен олардың қосылыстары туралы айтып берді. Олар әртүрлі топтарға жатады: таза түрінде қолданылатын өсімдік тектес есірткі заттары (марихуана, гашиш, саңырауқұлақтар); химиялық өңдеуден өтетін өсімдік тектес есірткі заттары (гашиш, апиын, морфин, героин, кокаин және т. б.); және синтетикалық есірткі заттары (мефедрон, экстази, фенциклидин, амфетаминдер, барбитураттар және т. б.).

Сондай-ақ, дәріскер есірткіні заңсыз пайдаланғаны, дайындағаны, сақтағаны, сатып алғаны, тасымалдағаны, сатқаны және жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік пен бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы қарастырылатынын ескертті. Қорытындылай келе, Ерқанат Ермаханұлы нашақорлық адам денсаулығына ғана емес, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне де қауіп төндіретінін атап өтті.

Студенттерге прокурордың кәсіби тәжірибесінен нақты мысалдар келтірілді, олар өздерін қызықтырған сұрақтарға толық жауап алды.


1830