Педагогикалық институт тарихшылары Түркиядағы Қазақ-түрік білім, ғылым және зерттеу қорының KATEAD басшысы, «Қазақ елі» журналының бас редакторы, танымал кәсіпкер Ғайретуллах Ертолқын Қызырбекұлымен кездесу өткізді.
Кездесуге университет басшылығы, профессор-оқытушылар және Тарих білім беру бағдарламаласының студенттері қатысты.
Жиын барысында Ертолқын Қызырбекұлы өзінің өнегелі өмірі мен қызметі жайында, сонымен қатар түркиялық қазақ жастары үшін тіл, білім, ғылым, мәдениет т.б.салаларында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалардан хабардар етті. Оның ішінде тікелей өзінің редакторлығымен екі тілде жарық көретін «Қазақ елі» журналының түркі әлемі үшін аса маңызды баспасөз құралына айналғанын айтты.
Университет вице-президенті А.Мырзағалиева оқу орнына жазушы Ғайретуллах Қызырбектің ұрпағы Ертолқын мырзаның келуін үлкен мәртебе деп қабылдап, табысты тұлғамен өткен кездесудің тарихшы студенттерге тың серпіліс беретініне сенім білдірді.
Айта кетейік алдағы уақытта диаспора өкілі басқарып отырған қоғамдық қормен ынтымақтастық орнап, бірлескен жаңа жобалар іске асырылмақ. AIU-дың тарихшы ғалымдары мен зерттеуші студенттері үшін «Қазақ елі» журналы есігін айқара ашпақ.