Ағымдағы жылдың 26 маусымы Астана халықаралық университетінде (AIU) университет ұжымының мәслихат төрағасы Қаналимов Ерлан Ермекұлы бастаған Астана қаласы мәслихатының бір топ депутаттарымен, сондай-ақ қалалық білім басқармасының басшысы Сенғазыев Қасымхан Сенғазыұлымен кездесу өтті.

2023 ж. 27 мау., сс, 05:49

Ағымдағы жылдың 26 маусымы Астана халықаралық университетінде (AIU) университет ұжымының мәслихат төрағасы Қаналимов Ерлан Ермекұлы бастаған Астана қаласы мәслихатының бір топ депутаттарымен, сондай-ақ қалалық білім басқармасының басшысы Сенғазыев Қасымхан Сенғазыұлымен кездесу өтті.

Дөңгелек үстел аясында Педагогикалық колледждің AIU қарамағына өтуі бойынша №4 МЖӘ жобасын іске асыру барысы талқыланды. Бұл жоба елорда мектептері мен балабақшалары үшін барлық деңгейдегі педагогикалық білім интеграциясына қызмет ететіні және колледжді кезең-кезеңімен педагогикалық институтқа айналдыру арқылы Астананың жоғары дәрежелі мұғалімдер тапшылығы мәселесін шешуге арналғаны атап өтілді.

Аталған жоба бойынша Астана халықаралық университеті педагогикалық институт құруға 6 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған. Бұл қаржыға елорданың орталығындағы жалпы ауданы 10 мың шаршы метрді құрайтын, толық және қатаң біліктілік талаптарына сәйкес жабдықталған екі оқу ғимараты (пән кабинеттері, компьютерлік сыныптар, аудиториялар, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт. пошта, асханалар, спорт залы және т.б.) және қажетті лицензиялары мен аккредитациялары кіреді. Сонымен қатар, жоғары білікті AIU профессорлық-оқытушылар құрамының қажетті білім беру бағдарламаларын құрудағы үлкен интеллектуалдық жұмысын айта кету керек. Сондай-ақ, 136 миллион теңгеден астам сомаға колледж күрделі жөндеуден өтіп, заманауи оқу құралдары сатып алынды. Ал колледж оқытушыларының жалақысын көтеру үшін университет колледжге 330 миллион теңгеден астам инвестиция құйып, AIU осы мақсаттарға ай сайын 20 миллион теңгеден астам инвестиция салуды жалғастыруда.

Мұғалімдердің білімін ТжКБ деңгейінен жоғары білімге көшіру Қазақстан үшін кезек күттірмейтін қажеттілік деуге болады. Себебі, ЭЫДҰ елдерінде тіпті мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу мұғалімдері үшін жоғары білім міндетті болып табылады, ал 4 елде (Англия, Франция, Исландия, Италия) мектепке дейінгі білім беру мұғалімдері магистр дәрежесін алуы керек. Академиялық және сарапшылық қауымдастық Мектептегі білім беру жүйесін әлемдегі ең үздігі ретінде таныған Финляндияда 1974 жылдың өзінде-ақ, педагогтарды дайындау педколледждерден жоғары оқу орындарына ауысып, 1979 жылдан бастап барлық мұғалімдердің магистр дәрежесі болуы керегі міндеттелген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 249 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында орта мектептерге магистрлер мен PhD дәрежесі бар мамандар тартылатыны көрсетілген.

Сонымен қатар, дөңгелек үстелде педагогикалық колледжді педагогикалық университетке айналдырудың бірте-бірте, барлық мүдделі тараптар үшін анық және түсінікті алгоритм бойынша жүзеге асырылуы керегі және аталған жоба барысында Оқу-ағарту министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің  қолдауының маңызы айтылды.

Кездесу соңында қатысушылар елорда мектептері үшін педагог кадрларды сапалы даярлау, AIU педагогикалық колледжі базасында үздік педагогикалық университет құру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және бірқатар мүмкін шешімдер бойынша өзара түсіністікке қол жеткізді.



2037