ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛЕР МЕН ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ XV ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ





















Астана халықаралық университеті Экономика жоғары мектебінің деканы, PhD, профессор Зубираш Смагулова Ресей Федерациясының Омбы қаласында өткен әлеуметтік кәсіпкерлер мен инвесторлардың XV халықаралық форумына қатысты.
Форум аясында Зубираш Смагулова «Қоғамдастық тең құқылы серіктес ретінде: краудфандинг, бірлескен қатысу және әлеуметтік саладағы шешім қабылдаудың жаңа тетіктері» тақырыбындағы пікірталаста баяндама жасады. Баяндамада жергілікті қоғамдастықтарды әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге тартудың қазақстандық тәжірибелері, оның ішінде халық қатысатын бюджет, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы әріптестік мәселелері қарастырылды. Әлеуметтік қолдаудың дәстүрлі моделінен қоғамдастықтардың әлеуметтік бастамаларды әзірлеуге және іске асыруға белсенді қатысуына көшу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Форумның маңызды іс-шараларының бірі – профессор Зубираш Смагулованың «Университет әлеуметтік кәсіпкерлік экожүйесі ретінде: білім беру, зерттеулер және әлеуметтік инновациялар» тақырыбында өткен авторлық шеберлік сабағы. Мұнда Астана халықаралық университетінің әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту тәжірибесі, оның ішінде білім беру бағдарламаларын іске асыру, әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің қызметі, ғылыми зерттеулер және әлеуметтік кәсіпкерлермен ынтымақтастық тәжірибесі таныстырылды. Қатысушылар қоғамдық мәселелерді шешу үшін білім беруді, ғылыми зерттеулерді, студенттік бастамаларды және әлеуметтік бизнесті біріктіру мүмкіндіктерін талқылады.
Форум аясында Астана халықаралық университеті мен И. В. Сербина басқаратын Омбы әлеуметтік сала инновациялары орталығы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісім әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы бірлескен білім беру, ғылыми және практикалық бастамаларды дамытуға бағытталған. Сондай-ақ Сібір бизнес және ақпараттық технологиялар институтының өкілдерімен кездесу өтті. Жиын барысында жоғары оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту, академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру бастамалары талқыланды.
Бөлісу:
Фотогалерея








