Жаңалықтар

...
AIU-де мазасыздық пен депрессия мәселелеріне арналған интерактивті дәріс өтті
2025 ж. 28 қар., жм, 07:03

Астана халықаралық университетінде Университеттің Психологиялық қызметі ұйымдастырған «Психологиялық денсаулық апталығы» шеңберінде 21 қараша күні «Мазасыздық пен депрессия: стрессті психикалық бұзылудан қалай ажыратуға болады?» тақырыбында интерактивті дәріс өтті. Шараның спикері - дәрігер-психиатр, психотерапевт А.Б. Жауков.

Дәріс барысында маман мазасыздық пен депрессияның негізгі белгілерін, олардың пайда болу себептерін, сондай-ақ ұзаққа созылатын стресс пен психикалық бұзылулардың айырмашылықтарын кеңінен түсіндірді. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, нақты клиникалық мысалдар негізінде пікірталасқа қатысып, психологиялық саулықты сақтауға бағытталған практикалық ұсыныстар алды.

Шара қатысушылардың психикалық денсаулық туралы білімін кеңейтіп, қиын жағдайларда өзіне-өзі көмек көрсету дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Университет тарапынан ұйымдастырылған бұл бастама жастар арасында психологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

...
Геология және геоморфология пәні бойынша жарыс форматындағы «Геологиялық процесстер» тақырыбындағы ашық сабақ қорытындысы
2025 ж. 28 қар., жм, 06:43

            Астана халықаралық университеті, жаратылыстану ғылымдары Жоғары мектебінің РГиТ -25 оқу тобында пән оқытушысы Н.С. Ауезова 25 қараша күні «Геология және геоморфология»  пәні бойынша жарыс форматында ашық сабақ өткізді.

            Ашық сабақтың басты мақсаты - студенттердің теориялық білімдерін бекіту, геологиялық үрдістер мен жер бедері пішіндерін тану қабілетін арттыру, командалық жұмыс дағдыларын дамыту болды. Жарыс форматы студенттердің қызығушылығын арттырып, белсенді қатысуына мүмкіндік берді. Топтар өзара бәсекеге түсіп, әр кезең бойынша білімдерін шығармашылықпен көрсетті. Сабақ барысында интерактивті сұрақтар, тапсырмалар, картамен жұмыс және геоморфологиялық объектілерді анықтау сияқты бөлімдер қамтылды.

         Ашық сабақ жоғары деңгейде өтіп, студенттерге мотивация берді және пәннің маңызын терең түсінуге ықпал етті.

...
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ғалымдары AIU-де ғылыми семинар өткізді
2025 ж. 28 қар., жм, 05:39

2025 жылғы 27 қарашада Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің биология-география факультетінің ғалымдары ғылыми ынтымақтастық аясында Астана халықаралық университетінің «Nature Lab» ғылыми-зерттеу зертханасына келіп, бірқатар ғылыми-оқытушылық іс-шаралар ұйымдастырылды.

          Кездесу барысында б.ғ. к., жетекші ғылыми қызметкер Ишмуратова М.Ю., б.ғ. к., ботаника кафедрасының меңгерушісі Тлеуканова С.У., сондай-ақ ғылыми қызметкер Мусина Р.Т. AIU Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі оқытушылары, студент, докторанттар және жас ғалым зерттеушілер үшін «Өсімдік нысандарын микроскопиялық зерттеу әдістері» тақырыбында оқу-әдістемелік семинар өткізді.

Семинар кезінде қатысушылар:

1.     өсімдік тіндерін микроскопиялық талдау әдістерімен танысты;

2.     өсімдіктердің анатомиялық және морфологиялық құрылымдарын зерттеу тәсілдерін қарастырды;

3.     оптикалық және цифрлық микроскоптармен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгерді;

4.     үлгілерді дайындау кезеңдері мен микропрепараттарды талдау үдерісін бақылады.

Сонымен қатар ғылыми қызметкерлерге «Nature Lab» зертханасының инфрақұрылымы таныстырылды: өсімдіктерді генотиптеуге арналған жабдықтар, биологиялық белсенділікті анықтау әдістері және морфологиялық зерттеулер бағыттары. Тараптар бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, ғылыми жарияланымдар дайындау және зерттеу нәтижелерімен алмасу перспективаларын талқылады.

Астана халықаралық университеті Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің әріптестеріне нәтижелі ынтымақтастығы үшін алғыс білдіреді. Өткізілген семинар екі университет арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға және жас ғалымдардың кәсіби құзыреттерін арттыруға ықпал етті.

...
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру: “Green Steppe” жобасы аясында жаңа бастамалар таныстырылды
2025 ж. 27 қар., бс, 12:11

21 қараша күні Астана қаласындағы Haileybury халықаралық мектебінде елдегі экологиялық мәдениетті, волонтерлікті және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуді мақсат еткен “Green Steppe: Әр қадамдағы экоойлылық” жобасының баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға экология саласының сарапшылары, жобаның өңірлік үйлестірушілері, білім беру ұйымдарының өкілдері, жас эковолонтерлер мен мемлекеттік құрылымдар қатысты.

Баспасөз конференциясында көтерілген мәселелер Қазақстан қоғамы үшін өзекті. Соңғы жылдары климаттың өзгеруі, биоалуантүрліліктің азаюы, ауаның ластануы және табиғи ресурстардың шамадан тыс пайдаланылуы елімізде экологиялық жауапкершілікті күшейтуді талап етіп отыр. Бұл ретте экобілім мен экологиялық мәдениет қалыптастырудың маңызы айқын көрінуде.

Іс-шарада Астана халықаралық университетінің Жаратылыстану жоғары мектебінің аға оқытушысы, эколог, PhD Айман Карабалаева сөз сөйлеп, «Жас ғалым» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар туралы баяндады. Ол еліміздегі экожүйелерді қалпына келтіру бағдарламаларының ғылыми негіздері мен жастарды табиғатты қорғауға ынталандыру тетіктерін атап өтті.

ЖҒЖМ AIU аға оқытушысы, PhD Шолпан Бисембаевна Абилова «Биоалуантүрлілікті сақтау» тақырыбында баяндама жасап, табиғи тепе-теңдікті ұстап тұрудың, сирек кездесетін түрлерді қорғаудың және қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттырудың маңызын көрсетті.

Ал ЖҒЖМ AIU оқытушы-докторант, эколог әрі экоактивист Айдана Саламатқызы Қыдырова мектеп оқушылары мен жастар арасында экологиялық өмір салтын енгізудің тәжірибелік тәсілдерін ұсынды. Оның айтуынша, экологиялық әдеттерді ерте жастан қалыптастыру - болашақта тұрақты дамуға қол жеткізудің негізгі кепілі.

“Green Steppe” жобасы бір жыл ішінде мыңдаған жас волонтерді тартып, ондаған экологиялық бастамалардың жүзеге асуына жол ашты. Еліміздің көптеген мектептерінде экоклубтар ашылып, экологиялық білім беру жаңа деңгейге көтерілді. Бұл - экология мәдениетін қалыптастырудың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Сонымен қатар жоба аясында тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыру бағытында нақты нәтижелер байқалады. Атап айтқанда:

·         ТДМ 4 - Сапалы білім: экологиялық сауаттылықты арттыруға арналған оқу модульдері енгізілуде;

·         ТДМ 11 - Тұрақты қалалар мен елді мекендер: қалалық ортадағы экологиялық жобалар саны артты;

·         ТДМ 13 - Климаттың өзгеруімен күрес: ағаш отырғызу, қалдықтарды басқару және табиғатты қалпына келтіру шаралары тұрақты түрде өткізіледі;

·         ТДМ 15 - Құрлық экожүйелерін сақтау: сирек түрлерді қорғау және табиғи резерваттарды күшейту бастамаларына қолдау көрсетілуде;

·         ТДМ 17 - Әріптестік: мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері, ҮЕҰ және еріктілер қозғалысы арасында ынтымақтастық нығайды.

Жасыл болашаққа бағытталған қадам

Баспасөз конференциясы қоғамдық экосананы қалыптастыруда диалогтың маңызы зор екенін дәлелдеді. Сарапшылар, мұғалімдер мен жастардың бір алаңда бас қосуы экологиялық жауапкершілікті арттыруға, жаңа идеялар мен бастамаларды талқылауға мүмкіндік берді.

Қоршаған ортаны қорғау - тек бір ұйымның немесе бір саланың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. “Green Steppe” сияқты жобалар елімізде экологиялық мәдениетті нығайтып, жас ұрпақты табиғатты аялауға тәрбиелеуге зор үлес қосуда.

...
AIU студенттерінің Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерімен кездесуі
2025 ж. 26 қар., ср, 12:47

2025 жылғы 26 қараша күні  Astana International University қабырғасында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдерімен студенттердің кездесуі өтті. Іс-шара экономика, қаржы, менеджмент, маркетинг және ақпараттық технологиялар бағыты бойынша білім алып жатқан болашақ мамандарды тәжірибеге бағытталған оқыту аясында ұйымдастырылды.

Кездесу барысында спикерлер Агенттіктің негізгі қызмет бағыттары туралы айтып, қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алу, көлеңкелі операцияларға және экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимылдың қазіргі тәсілдерімен бөлісті. Сонымен қатар жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен есептілік қағидаттарының маңызы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Студенттер мамандарға сұрақ қойып, нақты практикалық кейстерді талқылап, қаржылық мониторинг саласындағы мемлекеттік органдардың жұмысымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды.

Astana International University Агенттік өкілдеріне және барлық қатысушыларға белсенді диалог пен жоғары қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдіреді. Бұл кездесу университет пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуға маңызды үлес қосты.

 

...
AIU-де «Geonavigator: Туризм территориясы» зияткерлік байқауы өтті
2025 ж. 26 қар., ср, 12:37

25 қараша 2025 жылы Астана халықаралық университетінің Жаратылыстану жоғары мектебінде «Geonavigator: Туризм территориясы» атты зияткерлік байқау өтті. Байқауға «Рекреациялық география және туризм» білім беру бағдарламасының 2-3 курс студенттері қатысты.

Сайысқа үш команда - «Меридиан», «Nomad» және «GeoVision» қатысып, экономикалық, әлеуметтік және саяси география салалары бойынша терең білімдерін, логикалық ойлау қабілеттерін және командамен жұмыс істеу дағдыларын көрсетті. Барлық кезеңдердің нәтижесі бойынша жоғары дайындық танытып, тапсырмаларды сенімді орындаған «Nomad» командасы жеңімпаз атанды.

Іс-шараны Жаратылыстану жоғары мектебінің оқытушылары Жанабаева С.А., Смаилов А.А. және Авезова А.А. ұйымдастырып, байқаудың кәсіби деңгейде өтуіне және конструктивті жарыс атмосферасының қалыптасуына үлес қосты.

Байқаудың тұрақты даму мақсаттарының 4 міндеті  «Сапалы білім» аясында жүзеге асырылды. Іс-шара студенттердің сыни ойлау қабілетін, практикалық дағдыларын дамытуға, командалық жұмысты нығайтуға және география мен туризм саласына қызығушылықты арттыруға бағытталды.

Мұндай бастамалар университет студенттерініңің оқу мотивациясын көтеріп, олардың ғылыми көзқарасын кеңейтеді әрі теориялық білімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, мұндай іс-шаралардың кәсіби қалыптасуға ерекше ықпал ететінін атап өтті

...
Тамырлы өсімдіктерді анатомиялық зерттеу жөніндегі ғылыми семинар
2025 ж. 25 қар., сс, 12:25

2025 жылғы 27 қараша күні Астана халықаралық университеті академик Е.А. Букетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетімен бірлесе отырып «Тамырлы өсімдіктерді анатомиялық зерттеудің ерекшеліктері» атты ғылыми семинар өткізеді.

Іс-шара BR21882166 мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Бағдарлама Қазақстан өңірлерінің табиғи флорасындағы жеміс-жидек өсімдіктерін зерттеу мен сақтауға, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Семинар жұмысына биология және ботаника саласындағы жетекші мамандар: Салтанат Ұшкемпірқызы Тлеукенова, Маргарита Юлаевна Ишмуратова,
Роза Тлетаевна Мусина қатысады.

Ғылыми семинар 2025 жылғы 27 қараша күні Астана халықаралық университетінің 207-аудиториясында өтеді. Басталуы - сағат 10:00-де, аяқталуы - сағат 14:00-де.

 

...
AIU-де студенттерге арналған психологиялық кеңес өтті
2025 ж. 25 қар., сс, 07:12

Астана халықаралық университетінде 20 қараша күні Университеттің Психологиялық қызметі ұйымдастырған студенттерге арналған экспресс-кеңес шарасы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты - жастарға эмоционалдық қолдау көрсету, ішкі күйзелістерді анықтау және оларды жеңілдету жолдарын түсіндіру болды.

Шара кезінде 60-тан астам студент мамандармен жеке әңгімелесіп, өз сезімдері мен ойларын түсіну, мазасыздықты төмендету, шиеленісті басқару және жеке мәселелерді шешу бойынша кәсіби кеңес алды. Стресс, шаршау, мотивацияның төмендеуі, өз-өзіне сенімсіздік, қорқыныш, жаңа ортаға бейімделу секілді жиі кездесетін мәселелер талқыланды.Осындай шараға университеттің практик психологтары мен шақырылған мамандар қатысып, студенттерге қажетті психологиялық қолдау көрсетті. Экспресс-кеңестер бас ғимараттың 1-қабатында өткізілді. Сонымен қатар университет қызметкерлері де психологтардан жеке кеңес алып, кәсіби қолдауға жүгінді.

Іс-шара барысында студенттерге университет жанындағы Психологиялық қызметтің тұрақты түрде жұмыс істейтіні, толыққанды консультацияларды тегін алу мүмкіндігі бар екені туралы ақпарат ұсынылды.

...
Астана халықаралық университетінде бірінші курс студенттерін қабылдау кеші өтті
2025 ж. 24 қар., дс, 13:38

Астана қаласындағы Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда Астана халықаралық университетінің жаңа оқу жылына арналған «SQQ Party - 2025» салтанатты қабылдау кеші ұйымдастырылды. Ерекше форматта өткен шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және шақырылған қонақтар қатысты.

Кеш басталғанда арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, «Дудар-ай» музыкалық композициясы мерекелік ахуал қалыптастырды. Шараны жүргізген Ерасыл Жұмағалиев пен Ескендір Қимаш көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Салтанатты жиынды Астана халықаралық университетінің вице-президенті Қайрат Амангелдіұлы Абдрахманов ашып, білім ордасына қабылданған бірінші курс студенттерін құттықтады. Ол өз сөзінде білім жолындағы табандылықтың, жауапкершіліктің және ізденістің маңызын атап өтті.

Іс-шара барысында университеттің жеті жоғары мектебінің студенттері «Z буынының өзгерісі» тақырыбында 7 минуттық мюзикл-көріністер ұсынып, өз шығармашылық әлеуетін көрсетті. Байқауды бағалаған қазылар алқасының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері және университет басшылығы болды.

Кеш барысында AIU өнер ұжымдары да сахна төрінде өнер көрсетті. Кешті Дудар-ай тобы, ұлттық дәстүрді дәріптейтін «Аманат» ансамблі, «Бегім-ай» би тобы, сондай-ақ «AIU Tunes», «Dancing High», «Sheker Jaidarman» және «Ozge» театры жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Кеш қорытындысында үздік деп танылған жоғары мектептер марапатталды. Гран при - Жоғары құқық мектебіне, І орын - Педагогика институтына, ІІ орын - Ақпараттық технологиялар және инженерия жоғары мектебіне, ІІІ орын - Экономика жоғары мектебіне бұйырды. Сонымен қатар өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі, жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі және BLCU белсенді қатысқаны үшін арнайы марапатталды. Кеш соңында студенттерге арналған музыкалық сый ретінде белгілі әнші Қуандық Рахым өнер көрсетті.

AIU-да дәстүрге айналған мұндай шаралар жастардың жаңа ортаға бейімделуіне, шығармашылық қабілетін ашуға және білім мен өнердің құндылығын насихаттауға бағытталған. Биылғы қабылдау кеші - жас талапкерлердің студенттік өмірге жасаған маңызды қадамы, ал университет үшін болашақ мамандарды тәрбиелеудегі тағы бір жарқын кезең болды.

 

...
ЕНБЕК АДАПТАЦИЯСЫ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕНІ ЗЕРТТЕУ: ГҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ САПАР НӘТИЖЕЛЕРІ
2025 ж. 24 қар., дс, 04:07

ГҚ жобасы «Мүгедектігі бар адамдарды еңбек нарығына интеграциялау: еңбек адаптациясының кешенді бағдарламасын әзірлеу» аясында жұмыс тобы – профессор З.К. Смагулова мен қауымдастырылған профессор С.Т. Окутаева Түркия мемлекетінің Ыстамбұл қаласындағы Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету басқармасына іссапармен барды.

Түркияда мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға ресми түрде жауапты мемлекеттік орган – Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты еңбек агенттігі болып табылады. Бұл агенттік кандидаттарды тіркеу, оларды бос жұмыс орындарымен сәйкестендіру, жұмысқа жолдау, еңбек бойынша тәлімгерлік, қолдау көрсету, квоталарды бақылау және жұмыспен қамтуды мониторингтеу қызметтерін атқарады. Жұмысқа орналастыру үдерісі арыз қабылдаудан, кәсіби кеңес беруден, компанияларды талдаудан, мамандардың кәсіпорындарға баруынан, жұмыс берушілердің сұраныстары туралы ақпарат жинаудан, психологтардың қатысуымен түйіндеме дайындаудан, қажетті кәсіби курстар ашудан және сәйкес вакансия болған жағдайда әңгімелесулер ұйымдастырудан тұрады. Жұмысқа орналасқаннан кейін İŞKUR мониторинг жүргізіп, жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында хабардарлықты арттыру іс-шараларын жүзеге асырады. Компаниялар үшін мүгедектік мәселелері жөнінде семинарлар өткізіліп, бұл инклюзивті орта қалыптастыруға және ұжым ішіндегі коммуникацияны жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ психологиялық, кәсіби және әлеуметтік қолдау көрсетуге баса назар аударылады, бұл еңбекке орналасу барысындағы күйзелісті азайтады және бейімделу процесін жеңілдетеді.

İŞKUR-дың «Еңбек нарығын зерттеу – Ыстамбұл провинциясы» есебіне сәйкес, 31 828 кәсіпорынның 10 758-інде мүгедектігі бар қызметкерлер жұмыс істейді, алайда жұмыс берушілердің қалыптасқан теріс көзқарастары әлі де еңбекке орналасуға елеулі кедергі болып отыр. Ыстамбұл провинциясының Жұмыспен қамту және кәсіптік оқыту комитетінің жылдық есептілігі бойынша 2024 жылы мүгедектігі бар 9 887 адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 2 372-сі әйелдер, 7 515-і ерлер. Ұлттық деректер жүйесінде мүгедектігі бар 2 511 950 адам тіркелген: 1 414 643 ер адам және 1 097 307 әйел. Бұл мәліметтер еңбек нарығында мүгедектігі бар адамдарды қолдау және бейімдеу тетіктерін дамыту жұмысының маңыздылығын және ауқымын көрсетеді.

Ыстамбұл қаласында İŞKUR қызметімен танысу барысында алынған тәжірибе мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту жолында жүйелі және кешенді қолдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Түркияның моделі тұрақты нәтижелерге қол жеткізу үшін мемлекеттік құрылымдардың өкілеттіктері нақты айқындалуы және жұмыспен қамту үдерісі кезең-кезеңімен дұрыс ұйымдастырылуы қажет екенін дәлелдейді – бастапқы тіркеуден және кәсіби бағалаудан бастап, оқыту, вакансиялармен сәйкестендіру, тәлімгерлік және үздіксіз мониторингке дейін. Сондай-ақ психологтар, социологтар, жұмыспен қамту мамандары және жұмыс берушілер арасындағы пәнаралық өзара іс-қимылдың рөлі ерекше бағалы болды. Мұндай өзара ықпалдасу мүгедектігі бар адамдардың кәсіби интеграциясының табысты болу мүмкіндігін арттыратын кешенді қолдау жүйесін қалыптастырады.

Маңызды қорытынды - дамыған институционалдық базаға қарамастан, жұмыс берушілердің әлеуметтік көзқарастары мен қалыптасқан стереотиптері басты кедергілердің бірі болып қала береді. Сондықтан хабардарлықты арттыру семинарлары мен корпоративтік мәдениетпен жұмыс істеу жалпы үдерістің қажетті бөлігі болып саналады. İŞKUR-дың статистикалық деректері жүйелі тәсілдің тиімділігін растайды және еңбек нарығындағы инклюзивтілікті арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырудың маңыздылығын көрсетеді. Бұл тәжірибе біздің жобамыз аясында үздік практикаларды бейімдеу үшін маңызды үлгі болды және мүгедектігі бар адамдарға арналған еңбек адаптациясының кешенді бағдарламасын әзірлеуде қандай тетіктердің неғұрлым тиімді болуы мүмкін екенін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

...
«НАҚТЫ МІНДЕТТЕР - НАҚТЫ НӘТИЖЕЛЕР» КЕЙС-ЧЕЛЛЕНДЖІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ
2025 ж. 24 қар., дс, 04:02

2025 жылдың 19 қарашасында Экономика жоғары мектебі мен Jetsen Media Group толық циклді маркетингтік агенттігінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Нақты міндеттер  нақты нәтижелер» атты кейс-челлендж өтті. Іс-шараның мақсаты - студенттердің заманауи басқарушылық және маркетингтік міндеттерді шешу кезінде аналитикалық құзыреттері мен тәжірибеге бағытталған дағдыларын дамыту болды.

Байқау барысында қатысушылар нақты бизнес-жайғдайларды талдау тәсілдерін, балама стратегияларды әзірлеу жолдарын және практикалық ұсынымдарды ұсынды. Кейс-челлендж жұмысына Экономика жоғары мектебінің басшылығы, 6В04111 «Маркетинг» білім беру бағдарламасының оқытушылары, сондай-ақ серіктес ұйымдар өкілдері қатысты: Jetsen Media Group, Jana Men жобасы, Metapsychology психология және даму халықаралық орталығы, СМО Master Education маркетинг агенттігі. Мұндай өзара іс-қимыл білім беру және корпоративтік орта арасындағы конструктивті диалогтың нығаюына ықпал етті. Байқауға келесі командалар қатысты:

-         Бакалаврики (Менеджмент 23Б);

-         Анимед (Халықаралық бизнес 23Б);

-         Капиталисты (Халықаралық бизнес 24Б);

-         Консенсус (Маркетинг 24Б).

Қорытынды нәтижелер:

4-орын  Консенсус (Маркетинг 24Б);

3-орын  Капиталисты (Халықаралық бизнес 24Б);

2-орын Анимед (Халықаралық бизнес 23Б);

1-орын  Бакалаврики (Менеджмент 23Б).

Барлық командалар университеттің бизнес-серіктестерінен сыйлықтар алды.

Арнайы марапаттар: Бакалаврики командасы  актер Тамерлан Жангизиевпен бірге «Рубахи» YouTube жобасының келесі шығарылымына қатысу мүмкіндігі; Анимед командасы - өз жобасын жетілдіру және Jetsen Media Group компаниясында тағылымдама аясында іске асыру мүмкіндігі.

Кейс-челлендждің өткізілуі білім беру мен практикалық тәсілдерді интеграциялаудың маңыздылығын айқындап, студенттердің кәсіби ортаға барынша жақын жағдайларда міндеттерді шеше алу әлеуетін көрсетті. Іс-шара университет пен бизнес-серіктестер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және студенттердің практикалық даярлығын нығайтуға маңызды үлес қосты.

 

 

...
ЭКОНОМИКА ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНІҢ МАРКЕТИНГ МАМАНДЫҒЫ СТУДЕНТТЕРІНІҢ QAZPATENT ҰЛТТЫҚ ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУІ
2025 ж. 24 қар., дс, 03:57

 

2025 жылдың 19 қарашасында «Маркетинг» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері, Маркетинг-23А тобының білім алушылары «Qazpatent» Қазақстанның Ұлттық зияткерлік меншік институты мекемесіне барды. Институт «Брендинг» пәні аясында студенттердің Қазақстандағы тауар таңбаларын жасау және тіркеу үдерістерін тәжірибе жүзінде зерделеуі үшін арнайы алаң ұсынды. Іс-шараға «Брендинг» пәнінің оқытушысы, Жоғары экономика мектебінің доценті Қадырова Г.А. жетекшілік етті.

Сапар барысында студенттер институттың бөлімдерін аралап, қызметкерлердің жұмыс жағдайларымен танысты, сондай-ақ тауар таңбалары жөніндегі сарапшылармен кездесті. «Qazpatent» қызметкерлері студенттерге зияткерлік меншік негіздері, өнертабыстар, патент құқығы, тауар таңбалары және олардың құқықтық қорғалуы туралы жан-жақты ақпарат берді. Бұл мәліметтер маркетинг пен брендинг саласының болашақ мамандары үшін кәсіби даярлықтың маңызды бөлігін құрайды.

Аталған іс-шара студенттердің практикалық білімін айтарлықтай толықтырып, зияткерлік меншіктің мәні мен оны заманауи брендинг және маркетинг жүйесінде қолданудың маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.