AIU студенттері мектеп оқушыларына экологияның маңызын түсіндірді

2025 жылдың 29 наурызынан 26 сәуір аралығында Астана халықаралық университетінде мектеп оқушыларына арналған «Балалар университеті» жобасы өз жұмысын жүргізуде. Аталған жоба аясында химия бағыты бойынша университетіміздің 1-курс студенттері «Біз табиғаттың досымыз!» атты танымдық экологиялық іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – мектеп оқушыларына қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсіндіру, экологиялық сауаттылықты арттыру және табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу болды.
Бағдарлама барысында оқушылар 5 зертханалық станция арқылы экологиялық құбылыстармен танысты. Әр станцияда олар қауіпсіз әрі қызықты химиялық тәжірибелер жүргізіп, жаңа біліммен сусындады.
· «Фотосинтез» станциясында – өсімдіктердегі фотосинтез процесі тәжірибе жүзінде зерттеліп, жасыл өсімдіктердің табиғаттағы рөлі талқыланды.
· «Қызыл сигнал» станциясында – экологиялық апаттардың алдын алу жолдары мен қоршаған ортаға зиянды әсерлерді жою мәселелері қарастырылды.
· «Ауа» станциясында – оқушылар ауа құрамын зерттеп, оның өзгерісінің табиғатқа әсерін бақылап көрді.
· «Экожаңару» станциясында – экожүйедегі өзгерістерге ықпал ететін экологиялық факторлар талқыланды және оларды болдырмау жолдары ұсынылды.
· Сонымен қатар, орман өрттері тақырыбына арнайы назар аударылып, табиғаттағы өрттің зияны мен оның алдын алу шаралары түсіндірілді.
Іс-шара соңында кафедра оқытушысы Г.М. Нұрғазина қатысушыларға алғысын білдіріп, «Балалар университетінің» ең жас студенттеріне белсенді қатысқаны үшін ризашылығын жеткізді.
Бұл іс-шара мектеп оқушылары үшін экология саласындағы білімдерін тереңдетіп, қоршаған ортаны қорғауға деген көзқарастарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.
Бөлісу:



