AIU базасында Бейжің тіл және мәдениет университеті филиалы ашылады

2024 ж. 20 нау., ср, 03:55

Astana International University (AIU) басшылығы мен Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігі Бейжің тіл және мәдениет университеті (BLCU) өкілдерімен ресми кездесу өткізді. Кездесу нәтижесінде тараптар университеттің Қазақстандағы бөлімшесін ашу туралы ресми келісімге қол қойды.


Қытай Халық Республикасы астанасында өткен басқосуда Бейжің тіл және мәдениет университеті филиалының біздің елде ашылуы — қос мемлекеттің ғылым, білім және мәдениет салаларындағы байланысының дәстүрлі жалғасы екені атап өтілді.


Филиал негізінде қытай тілін үйренетін студенттердің білімін тестілеу және бағалау бойынша «HSK Орталығы» (қытай тілін үйрену және тестілеу орталығы) жұмыс істемек. Сонымен қатар, келісімшарт бойынша, екі елдің де студенттерімен қосдипломды оқу бағдарламалары жүзеге асырылады.


Бейжің тіл және мәдениет университеті — 60 жылдық тарихында 300 мыңға жуық шетелдік студенттерді дайындаған гуманитарлық ғылымдар саласындағы Қытайдың жетекші білім беру мекемесі.



434