🎓 AIU алаңында «Ғылымдағы тіл стратегиясы» атты республикалық семинар-кеңес өтті

2025 ж. 22 мам., бс, 12:12

2025 жылғы 22 мамырда Astana International University қабырғасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы және университетіміздің бірлескен ұйымдастыруымен «Ғылымдағы тіл стратегиясы: мәселелер мен шешу жолдары» атты республикалық семинар-кеңес өтті.

🔹 Семинардың мақсаты – ғылыми кеңістікте мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, диссертациялық зерттеулер мен ғылыми жобаларда, сондай-ақ құжат айналымында қазақ тілінің үлесін арттыру.

📍 Іс-шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық құрылтайының екінші отырысындағы хаттамалық тапсырмалар аясында өтті.

🔷 Семинар-кеңес жұмысына еліміздің жетекші жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының мемлекеттік тілді дамытуға жауапты өкілдері, министрлік құрылымдары мен сарапшылар қатысты.

💬 Баяндамашылар мен олардың бағыттары:

· Ербол Ердембекұлы Тілешов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты — семинарды ашып, мемлекеттік тіл саясаты мен ғылымдағы тілдің өзекті бағыттары туралы баяндама жасады.

· Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті — ғылымдағы терминологияны жетілдіру мен біріздендірудің мәселелері туралы сөз сөйледі.

· Жанар Амангелдіқызы Темірбекова, экономика ғылымдарының кандидаты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры — “Қазақ тілі – ғылым тілі” симпозиумының тәжірибесі мен академиялық терминжасам мәселелері туралы баяндама жасады.

· Берікхан Иісбекұлы, ҚР ҒЖБМ Тіл саясаты комитетінің Тіл заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы, PhD — ғылымдағы тілдік ахуал: жетістіктері мен мәселелері тақырыбында баяндама жасады.

· Ардақ Бақытұлы Бейсенбай, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры — ЕҰУ тәжірибесі негізіндегі тіл стратегиясы туралы бөлісті.

· Ертарғын Тойғанұлы Шахман, география ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университетінің жастар саясаты, әлеуметтік және шаруашылық мәселелері жөніндегі проректоры — университет тәжірибесіндегі тілдік стратегия туралы сөз сөйледі.

· Қайрат Амангелдіұлы Абдрахманов, Astana International University вице-президенті — білім беру үдерісіндегі құжат айналымда тіл заңнамасының сақталуы туралы баяндама жасады.

· Қуантар Дәуренұлы Әлиханов, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Пәнаралық ғылым орталығының директоры — ҰҒА-ның ғылымдағы тілдік саясатты жетілдірудегі рөлі туралы бөлісті.

🔊 Семинар қорытындысында ашық пікірталас (еркін микрофон) форматында қатысушылар тәжірибе алмасты. Қорытынды ұсыныстар мен бағыттар айқындалды.

📍  Астана Халықаралық университетінің базасында өткен семинар ғылым саласында қазақ тілінің рөлін кәсіби деңгейде талқылайтын маңызды алаңға айналды. Университет алдағы уақытта да білім мен ғылымдағы мемлекеттік тіл саясатын дамытуға белсене ат салыса бермек.

 


179