AIU-де қауымдастырылған профессор Сейсекүл Көшімбетованың 45 жылдық педагогикалық қызметіне арналған республикалық ғылыми семинар өтті

2025 ж. 19 мам., дс, 10:38

2025 жылғы 16 мамырда Astana International University-де Педагогикалық институттың ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар негізіндегі білім беру жүйесі: саралау, жүйелеу, негіздеу» атты республикалық ғылыми семинар өтті. Бұл маңызды ғылыми шара көрнекті педагог, профессор Сейсекүл Айтжанқызы Көшімбетованың білім беру саласындағы 45 жылдық қажырлы еңбегіне арналды.


Семинарды университеттің Педагогикалық институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жанна Қуанышқызы Ахмадиева ашты. Қонақтарға арнап құттықтау сөз сөйлегендер қатарында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, AIU вице-президенті, биология ғылымдарының докторы Анар Мырзагалиева, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қауымдастығының негізін қалаушы Асан Нұркенов, «Қара шаңырақ» ҚБ директоры, этнолог, ҚР Журналистер одағының мүшесі Тұрар Саттарқызы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абдимажит Саипов, сондай-ақ аталған университеттің Педагогика кафедрасының профессоры Қадиша Шалғынбаева және профессор, педагогика ғылымдарының докторы Заида Жұмабаева болды.


Семинар барысында ұлттық құндылықтарды білім беру жүйесіне енгізу, оқытушының тұлғалық рөлі мен тәрбиелік миссиясы, сондай-ақ Сейсекүл Айтжанқызының педагогикалық феномені мен мұрасына арналған мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Ұстаздың шәкірттері де өз естеліктерімен бөлісіп, рухани сабақтастықты жалғастырды.


Іс-шараның шарықтау шегі ретінде Сейсекүл Көшімбетованың «Парасат жолы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл еңбек – автордың өмірлік тәжірибесі мен ұстаздық ұстанымдарын, парасат пен адамгершілікке негізделген педагогикалық философиясын паш ететін құнды туынды. Семинар соңында Сейсекүл Айтжанқызы қорытынды сөз сөйлеп, өмірлік және кәсіби жолында бірге болған әріптестеріне, шәкірттеріне және университет ұжымына алғысын білдірді.


Семинар қонақтары мен қатысушыларына арналған дәстүрлі мерекелік дастархан жылы лебіздер мен рухани ықыласқа толы форматта өтті. Шара аясында айтылған ойлар мен ұсыныстар қазіргі білім беру жүйесін ұлттық құндылықтармен сабақтастыра отырып жаңғыртуға серпін берді.

Astana International University ұжымы Сейсекүл Айтжанқызы Көшімбетоваға отандық педагогикаға сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін алғыс білдіреді. Жоғары білім беру саласында бірнеше буын ұстаздарды тәрбиелеп, ғылыми ортада өз орнын қалыптастырған, Жамбыл облысына еңбегі сіңген құрметті профессор Сейсекүл Айтжанқызына Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың атынан құрметпен Алғыс хат табысталды.

Сондай-ақ, семинарға қатысқан барша қонақтар мен баяндамашыларға ғылыми-әдістемелік пікір алмасуға қосқан үлестері үшін AIU ұжымы шынайы ризашылығын білдіреді. Мұндай кездесулер білім мен тәжірибе алмасудың тиімді алаңы бола отырып, болашақ педагогтарды даярлау ісінде маңызды рөл атқарады.


284