AIU студенттері мектеп оқушыларына экологияның маңызын түсіндірді

2025 ж. 9 сәу., ср, 10:29

2025 жылдың 29 наурызынан 26 сәуір аралығында Астана халықаралық университетінде мектеп оқушыларына арналған «Балалар университеті» жобасы өз жұмысын жүргізуде. Аталған жоба аясында химия бағыты бойынша университетіміздің 1-курс студенттері «Біз табиғаттың досымыз!» атты танымдық экологиялық іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – мектеп оқушыларына қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсіндіру, экологиялық сауаттылықты арттыру және табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу болды.

Бағдарлама барысында оқушылар 5 зертханалық станция арқылы экологиялық құбылыстармен танысты. Әр станцияда олар қауіпсіз әрі қызықты химиялық тәжірибелер жүргізіп, жаңа біліммен сусындады.

·                     «Фотосинтез» станциясында – өсімдіктердегі фотосинтез процесі тәжірибе жүзінде зерттеліп, жасыл өсімдіктердің табиғаттағы рөлі талқыланды.

·                     «Қызыл сигнал» станциясында – экологиялық апаттардың алдын алу жолдары мен қоршаған ортаға зиянды әсерлерді жою мәселелері қарастырылды.

·                     «Ауа» станциясында – оқушылар ауа құрамын зерттеп, оның өзгерісінің табиғатқа әсерін бақылап көрді.

·                     «Экожаңару» станциясында – экожүйедегі өзгерістерге ықпал ететін экологиялық факторлар талқыланды және оларды болдырмау жолдары ұсынылды.

·                     Сонымен қатар, орман өрттері тақырыбына арнайы назар аударылып, табиғаттағы өрттің зияны мен оның алдын алу шаралары түсіндірілді.

Іс-шара соңында кафедра оқытушысы Г.М. Нұрғазина қатысушыларға алғысын білдіріп, «Балалар университетінің» ең жас студенттеріне белсенді қатысқаны үшін ризашылығын жеткізді.

Бұл іс-шара мектеп оқушылары үшін экология саласындағы білімдерін тереңдетіп, қоршаған ортаны қорғауға деген көзқарастарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.

 


216