17 наурыз 2025 жыл Astana International University «InterRes Central Asia» ЖШС бас директоры Джеффри Уитни мен AIU басшылығының кездесуі өтті. Кездесу барысында студенттер мен оқытушыларды заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып ағылшын тіліне оқыту саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Джеффри Уитни 14 елде, соның ішінде Қазақстанда да белсенді қолданылып жүрген DynEd® жүйесі мен neo+™ платформасына негізделген инновациялық оқыту әдістемесін таныстырды. Бұл әдістеме онлайн оқытуды, шағын топтарда интерактивті сабақ өткізуді және тіл деңгейін анықтауға әрі оны CEFR сертификатымен растауға мүмкіндік беретін тестілеу жүйесін біріктіреді. Кездесуге қатысушылар сонымен қатар, бұл бағдарламаның мобильді құрылғылар арқылы қолжетімді екенін және университет оқытушыларын тренер ретінде дайындауды қамтитынын, бұл өз кезегінде курсты AIU-дың білім беру процесіне енгізуге мүмкіндік беретінін білді.
Талқыланған маңызды аспектілердің бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге, соның ішінде есту қабілеті нашар студенттерге бағдарламаны бейімдеу мүмкіндігі. Компания мамандары ақпаратты қабылдаудың әртүрлі тәсілдерін ескере отырып, оқыту процесін барынша қолжетімді және тиімді ететін жүйені әзірледі.
Кездесу барысында AIU-да пилоттық жобаны іске қосу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл жоба бағдарламаның университет жағдайындағы тиімділігін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. AIU өкілдері ынтымақтастыққа қызығушылық танытып, осы әдістемені енгізу студенттердің ағылшын тілін меңгеруін жақсартуға, олардың академиялық және кәсіби салалардағы тілдік деңгейін арттыруға, сондай-ақ сертификаттау процесін жеңілдетуге көмектесетінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша бағдарламаны енгізу егжей-тегжейін пысықтау, оқытушыларды оқыту, сабақ кестесін әзірлеу және студенттерді сертификаттау шарттарын анықтау туралы шешім қабылданды. Тараптар жобаны іске асыру бойынша келесі қадамдар туралы уағдаласып, нәтижелі және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа үміт білдірді.