Астана Халықаралық Университетінің тарих мамандығы бойынша білім алып жатқан 1-курс студенттері үшін маңызды академиялық кездесу өтті. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, белгілі археолог Мамиров Талғат Базарбайұлы «Қазақстанның тас дәуірі» тақырыбында дәріс оқыды.
Дәріс барысында Қазақстан аумағындағы алғашқы адамдардың пайда болуы, олардың тіршілік ету дағдылары, еңбек құралдары мен мәдени таралу аймақтары туралы тың мәліметтер ұсынылды. Лектор студенттерді тас дәуірінің археологиялық ескерткіштерімен, олардың маңыздылығымен таныстырып, соңғы зерттеулердің нәтижелерін бөлісті.
Бұл дәріс студенттерге ежелгі адамзат тарихына қатысты қызықты деректер мен ғылыми жаңалықтар ұсынып, археология саласындағы өзекті мәселелермен жақын танысуға мүмкіндік берді.
Студенттер белсенді қатысып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды
Кездесу соңында студенттер археологқа тас дәуіріндегі адамдардың тұрмыс-салты, олардың Қазақстан аумағына миграциясы және сол кезеңдегі тас құралдарды жасаудың технологиясы туралы сұрақтарын қойып, жан-жақты жауаптар алды.
Осындай дәрістер болашақ тарихшылардың білімін тереңдетіп, археологиялық зерттеулерге деген қызығушылығын арттыруға және тарихи танымын кеңейтуге зор ықпал етеді.