AIU-да Мохсен Эбрахимидің көрмесі мен шеберлік сабағы өтті

2025 ж. 4 ақп., сс, 09:41

Astana International University-де әйгілі ирандық каллиграф Мохсен Эбрахимидің көрмесі мен шеберлік сабағы өтті. Бұл іс-шара AIU Өнер және гуманитарлық ғылымдар мектебінің ұйымдастыруымен өтіп, "Дизайн" және "Көркем еңбек және бейнелеу өнері" мамандықтарының студенттері мен каллиграфия өнеріне қызығушылық танытқан жандарды бір арнаға тоғыстырды.

Мохсен Эбрахими – 20 жылдан астам тәжірибесі бар каллиграфия шебері, АҚШ, Еуропа, Таяу және Қиыр Шығыста көптеген жеке көрмелер өткізіп, шеберлік сабақтарын жүргізген. Кездесу барысында ол парсы каллиграфиясының дәстүрлері туралы айтып, жазу техникасын көрсетіп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – жеребе арқылы бес студенттің есімі таңдалып, оларға шебер өз қолымен каллиграфиялық жазбалар дайындады. Осылайша, жеңімпаздар бірегей өнер туындысының иегері атанды.

Бұл шеберлік сабағы болашақ суретшілер мен дизайнерлер үшін баға жетпес тәжірибе болып, оларды каллиграфия өнерімен, оның тарихымен және орындау техникасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.


51