Астана халықаралық университетінде «Білім берудегі жасанды интеллект» біліктілікті арттыру курсы басталды

2025 ж. 13 қаң., дс, 08:32

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру және Тұрақты даму мақсаты «Сапалы білім» аясында Astana International University-де 2025 жылғы 8 қаңтардан бастап профессорлық-оқытушылық құрамға арналған «Білім берудегі жасанды интеллект» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары басталды.

Курстар білім беру процесінде жасанды интеллект технологияларын қолдануды үйретуге бағытталған және 18 қаңтарға дейін жалғасады. Оқыту көлемі 80 академиялық сағатты қамтиды.

Сонымен қатар, бірқатар пәндердің оқу жоспарларына жасанды интеллект бойынша арнайы модуль енгізілді. Бұл модуль білім алушылар мен оқытушылардың цифрлық трансформация жағдайындағы құзыреттіліктерін дамытуға маңызды қадам болмақ.

Курстардың бірінші легінде 70 оқытушы білім алуда. Бұл шара университеттің білім беру ортасына инновацияларды енгізуге және педагогтердің кәсіби деңгейін арттыруға деген ұмтылысын көрсетеді.

Курсты Педагогикалық институттың доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Дәмекова Сәуле Қайроллақызы басқарады. Практикалық сабақтарды «Информатика» білім беру бағдарламасының оқытушылары өткізеді, олар жасанды интеллектті қолдану саласындағы білімдері мен тәжірибелерімен бөлісуде.

Оқытушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім сапасын арттыру үшін қалай пайдалану керектігін үйренеді. Оқытылған технологиялар мен құралдар жасанды интеллекттің жұмыс істеу принциптері мен оның білім беру қызметіндегі әлеуетін тереңірек түсінуге көмектеседі.

Курсқа қатысушылар білім беру процесіне жасанды интеллектті тиімді түрде интеграциялауға мүмкіндік беретін жаңа білім мен дағдыларға ие болады. Бұл оқыту әдістерін жаңғыртуға және цифрлық сауаттылықты дамытуға ықпал етеді.

Барлық қатысушыларға оқуда сәттілік тілейміз және алынған білімдерін практикалық қызметте жүзеге асыруды күтеміз!


830